Ұзындығы 1812 метр рельс заманауи технология бойынша төселген
Алматыдағы «Қалқаман» метросының құрылысы қарқынды. Бүгінде ондағы тоннельдер электр желісімен жабдықталып, су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін дыбыстық хабарлау, бейнебақылау камерасы, өрт және күзет дабылы орнатылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы ұзындығы 1812 метр рельс заманауи технология бойынша төселген. Әрбір 25 метрі алюминий термиттік дәнекерлеу әдісімен біріктіріліп, тоннелдің бір жақ бөлігіне дыбыссыз рельстер қойылған. Бұл пойыздардың жылдам әрі шусыз өтуіне мүмкіндік береді.
«Қазіргі тұрған тоннеліміз 100 пайызға дайын. Келесі параллель өтіп жатқан тоннель 79 пайыз дайын. Жоспар бойынша, келесі жылдың маусым айында жұмыстардың бәрі аяқталады», – деді жоба жетекшісі Мұрат Үкшебаев.
«Ендігі ретте ішкі безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Платформа учаскісінде тұрмыз, бұл жерде рельстер қойылып жатыр. Жұмыс уақыты түнгі және күндізгі деп бөлінеді. Екі маусымда да адамдар жұмыс істеп жатыр», – деді монолиттік жұмыстар бойынша басқарушы директор Әсет Әлиасқар.
Маманның сөзінше, енді Қалқаман бекетіне толығымен рельс төселеді. Жаңа станса құрылысының біту мерзімі — 2 жыл. Алайда мердігер компания аталған істі 14 ай ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Жауаптылар бұл жоба ондаған мың алматылықтың қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттыратынын алға тартады.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Келешек мектептері: Алматыда білім ордаларына фэйс-айди жүйесі енгізілмек