Алматыдағы мектептердің бірінде әкелер кеңесі құрылмақ

28.04.2026 18:09

№90 мамандандырылған мектеп-лицейінде өткен форумға белсенді ата-аналар шақыртылды

«Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық азаймай тұр». Бұл – Алматыда өткен Әкелер форумында айтқан прокуратура өкілдерінің пікірі. Іс-шараның басты мақсаты да сол – ата-ананың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын айқындау, әке рөлін күшейту, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жиынға сарапшылар, құқық қорғау органдарының өкілдері, халықаралық педагогика мамандары мен практик-психологтар арнайы шақыртылған. Алмалы ауданы прокуратурасының аға прокуроры Әсел Әбдікәрімова «Әкенің бала тұлғасын қалыптастырудағы рөлі және девиантты мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбын басты назарға алды. Оның айтуынша, жасөспірімдердің қауіпсіз болашағына кепіл болатын әкелер форумы қаланың бүкіл ауданында ұйымдастырылғаны абзал.

«Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық тоқтаған жоқ. Мектептер, психологтар және құқық қорғау органдары алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда бұл жеткіліксіз. Себебі баланың тәрбиесі – ең алдымен отбасының міндеті. Ата-аналар көбірек уақыт бөліп, олардың өміріне белсенді араласуы қажет. Сонда ғана бәріміз бірлесе отырып, балаларымыздың қауіпсіз болашағын қалыптастыра аламыз», – деді Алмалы ауданы Прокуратурасының аға прокуроры Әсел Әбдікәрімова.

Айта кетейік, №90 мамандандырылған мектеп-лицейінде 49 сынып бар. Форумға белсенді ата-аналар шақыртылды. Олар білім ордасында «Әкелер кеңесін» құруды ұсынды.

«Әкелер форумы» өте жақсы жасалған. Бұл жерде балалармен ғана емес, мектеп ата-аналармен де осындай кеңейтілген отырыс жасаса. дұрыс деп ойлаймын. Уақытым болса, балаларымды мектепке өзім тасимын, көп сөйлесем. Балаларды спортпен шұғылданады, жеке қалған кезде көбірек сөйлесу керек деп ойлаймын», – деді ата-ана Қайрат Бегалин.

Оқи отырыңыз: Алматыда ІІ республикалық математикалық олимпиада өз мәресіне жетті