Алматыдағы Теректі шағынауданы тұрақты электр жүйесімен қамтылады

Қала әкімі су және кәріз жүйесі мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданындағы ықшамаудан тұрақты электр жүйесімен қамтылады. Теректіге жұмыс сапарымен барған шаһар әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Мегаполис басшысы тұрғындармен жүздесіп, жарық, су, кәріз және жолға қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Теректі ықшамауданында қордаланған мәселенің бірі – тұрақты электр жүйесімен қамту. Тұрғындар әкімнен ең алдымен көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан осы шаруаның түйінін тарқатуды өтінді. Айтуларынша, шағынаудандағы электр жүйесі қазір жекенің меншігінде. Қала әкімі мұның шешімі болатынын айтты.

 «Жарық мәселесін тағы бір рет тексеріп, сотқа береміз. Алты айдан кейін әкімдік балансына тапсырамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды

Қала әкімі су және кәріз жүйесі мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты. Бұдан соң жолдар ретке келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Жобалар шамамен 1 700 абонентті және 9 мыңға жуық тұрғынды қамтиды. Жұмыс биыл басталады. Ал қазір инфрақұрылымды дамыту бойынша мердігерді анықтау жалғасып жатыр.

«Су бар, өзіміз құдық қазып алғанбыз. Жол жөнделетінін айтты, себебі Рысқұлов даңғылы өтеді. Әкім келіп, елмен тілдескенін көріп, қуанып қалдық», – деді қала тұрғыны Жанар Шәмішева.

 «Жаңа әкімге түсіндіріп айттық, орынбасарына тапсырма берді, ол кісі ертең келеді. Қаланың құрамына кіргеніне 10 жылдан асып кетті. Үйдің құжаты бар, жер саяжайда, көше, су, жарық жоқ», – деді қала тұрғыны Махамбетжәли Орынбасар.

Уәде еткендей, қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Теректіге барып, тұрғындармен тағы тілдесті. Кездесуде ол азаматтарды тұрақты электр жүйесімен қамту үшін биыл қазан айының соңына дейін 8 трансформаторлық қосалқы станса салынатынын айтты. Оның айтуынша, 32 көше жарықтандырылып, ықшамауданды 100 пайызға қамтиды.

Алмасхан Сматлаев Теректідегі жол мәселесін де біржақты етуге қатысты шешім айтты. Әзірге инженерлік желілер салынғанға дейін уақытша асфальт төселеді. Ал жолдарды жөндеу жұмыстары барлық шаруа толық аяқталғаннан кейін жүргізілетінін түсіндірді.

Гүлмарал Изатқызы, Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыда 300 түрлі өсімдік өсетін аула барын білесіз бе

Новости партнеров