Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Медеу ауданында, Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған
Алматының Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық істе күдікті деп танылған адам тергеу изоляторына жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 3 адамның өмірін қиған оқиғада Zeekr көлігін басқарған азамат сот санкциясымен қамауға алынған. Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде күзетпен жатқан.
Сонымен қатар полиция қызметкерінің әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру деректері бойынша бөлек қылмыстық істер тіркелген. Бұл жайттарды Ішкі Істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік қызметі тексеріп жатыр.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Медеу ауданында, Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Полиция дерегінше, батыс бағытта келе жатқан Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы жол апаты: Ішкі істер министрі жауаптыларды жұмысынан айырды