Алматыға 7 см қар түсті: қалада тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр

16.01.2026 21:54

Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілді

Almaty.tv

Алматыда қардың тоқтаусыз жаууына байланысты тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қар 16 қаңтар күні сағат 7:00-де басталып, 20:00-дегі жағдай бойынша шамамен 13 сағат бойы жауып тұр.

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, бірде тоқтап, бірде жауып 18 қаңтар таңға дейін жалғасады. Қар жауған уақыт ішінде қалаға шамамен 7 см қар түсті. Бұл туралы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілді. Қар тазалау жұмыстарына 2,8 мыңнан астам жол саласы жұмысшысы және 1 250 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Жолдың қауіпті учаскелерде, еңістер мен жотада, сондай-ақ жолайырықтарында көктайғақтың алдын алу және оны жою мақсатында 75 жедел бригаданың күшімен патрульдеу ұйымдастырылды. Бұған қоса, қарды сырып тазалаумен айналысатын 28 колонна қосымша тартылды.

Жолдың бойы, тротуарлар, қоғамдық орындарды, қоғамдық көлік аялдамалары, жерүсті өткелдері, баспалдақтар мен пандустар арнайы техникалардың көмегімен және қолмен тазаланып, жолға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Сағат 22:30-23:00 аралығында арнайы техника көшелерді қарқынды тазалауды жалғастырады, ал түнгі уақытта қаланың магистральдық көшелерінен қарды жаппай шығару ұйымдастырылады.  

Коммуналдық қызметтер қала тұрғындарын мүмкіндігінше автокөліктерін жол жиегіне қоймауды және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырады. Бұл жол бойын тазалау жұмыстарын жеделдетіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жағдай тұрақты бақылауда, көшенің жай-күйі тәулік бойы қадағаланып отыр.

Оқи отырыңыз: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады