Алматылық дәрігерлер бес жасар баланың саусағын сақтап қалды
Микроскоппен жасалған ота төрт сағатқа созылды
Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында аса күрделі микрохирургиялық ота жасап, баланың саусағын аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ата-анасының айтуынша, бүлдіршін аулада ойнап жүріп, оң қолындағы кішкентай саусағын металл қақпаға қысып алған. Соның салдарынан саусақ түбінен жұлынып түскен. Ата-ана баланы дереу жұлынған саусақпен бірге ауруханаға жеткізген.
Кезекші дәрігерлер, микрохирург пен бөлімше жетекшісі консилиум жасап, уақыттың тығыздығына байланысты жедел түрде саусақ тіндерінің қызметін қалпына келтіру отасына кірісті.
№2 БҚКА травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалиннің сөзіне сүйенсек, күрделі операция хирург мамандардан асқан дәлдік пен зергерге тән шеберлікті талап етті.
«Өте күрделі ота жасау қажеттілігі туындады. Себебі операция барысында диаметрі бірнеше миллиметр де болмайтын жүйке талшықтары мен тамырларды жалғап, саусақ пен қолдың қызметін қалпына келтіру керек болды», - дейді Ерлан Садырбалин.
Микроскоппен жасалған ота төрт сағатқа созылды. Зақымданған тамырлар мен жүйке талшықтарын қалпына келтіру үшін микроскопсыз көзге көрінбейтін ерекше жіңішке хирургиялық жіп қолданылды.
Хирург мамандар диаметрі 1 мм аспайтын күретамырды, сіңірлерді, жүйке талшықтары мен тамырларды жалғап, жұлынып кеткен саусақтың қызметін қалпына келтірді.
Аса күрделі ота МӘМС қаражаты есебінен жасалды. Яғни, ота толығымен тегін жасалды. Себебі қазақстандық балалар 18 жасқа дейін мемлекет тарапынан сақтандырылады.
№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы директоры Марат Рабандияровтың сөзінше, ота мамандардың кәсіби деңгейі, жедел қимылы мен стационардағы микрохирургиялық технологиялар арқасында сәтті өтті.
«Жалпы, бала денесінің жұлынып кеткен бөлігін қалпына келтіріп, қайта тігу микрохирургиядағы аса күрделі реконструктивтік операция саналады. Мұндай жағдайларда әрбір минуттың өзі маңызды рөл атқарады. Процесс дұрыс ұйымдастырылса, мамандар бір-бірімен ынтымақтасып жұмыс істесе, жұлынып қалған бөлшек дұрыс жеткізілсе ғана ем-дом тиісті нәтижесін береді. Бұл ота біздің ауруханада көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің ғана емес, мамандарымыздың да жоғары деңгейін көрсетіп берсе керек», - деп атап өтті Марат Рабандияров.
Бала операциядан кейін де дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Мамандар жалғанған суасақтың жазылу процесі мен оң қол қызметінің қалпына келу барысын мұқият қадағалап отырды.
Бұл жағдай заманауи микрохирургияның мүмкіндіктерін, №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің жоғары деңгейін және аурухана мамандарының ең күрделі клиникалық жағдайларда да шұғыл көмек көрсетуге толық дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер ауыр жамбас жарақатын алған науқасты оңалтты