Алматылық ғалымдар Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылады

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сараптамалық пікірталаста ұлттық мемлекеттілік, Құрылтайдың тарихи рөлі, заң үстемдігі мен құқықтық сана мәселелері талқыланды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті. Жиынның негізгі тақырыптары ұлттық мемлекеттілікті нығайту, құқықтық сананы дамыту, сондай-ақ елдің стратегиялық басымдықтарын іске асырудағы ғылым мен білімнің рөліне арналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жолдаудың басым бағыттары: ұлттық мемлекеттілік және құқықтық сана» тақырыбындағы іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен мегаполистегі жоғары оқу орындарының бірі бірлесіп ұйымдастырды.

Талқылауға ғылыми қауымдастық өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ Студенттік құрылтай мүшелері қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті оқу орнының ректоры Бейбітқұл Кәрімова Президент Жолдауының елдің одан әрі дамуы үшін маңыздылығына тоқталып, онда белгіленген бастамаларды жүзеге асыруда ғылыми және білім беру саласы өкілдерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды.

«Президент Жолдауы Қазақстанның алдағы даму кезеңіне арналған маңызды бағдарларды айқындайды. Алайда белгіленген міндеттердің табысты жүзеге асуы тек мемлекеттік шешімдерге ғана емес, қоғамның, ғылыми қауымдастықтың және білім беру жүйесінің белсенді қатысуына да байланысты. Жоғары оқу орындары құқықтық мәдениеті жоғары, азаматтық жауапкершілігі қалыптасқан, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жаңа буын өкілдерін тәрбиелейтін маңызды алаңға айналуы тиіс. Мемлекеттілігіміздің тарихи негіздерін зерделеу, заң үстемдігін нығайту және қоғамдық диалогты дамыту тәрбие мен білім беру жұмысының ажырамас бөлігі болуы қажет», – деп атап өтті Бейбітқұл Кәрімова.

Кездесу барысында қатысушылар Жолдауда белгіленген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, цифрлық трансформация және инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарын қарастырды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жөнінде тапсырма берді.

Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, аграрлық секторға жасанды интеллект технологияларын енгізуге және су ресурстарын ұтымды пайдалануға да айрықша мән берілген. Сонымен қатар білім беру жүйесін жетілдіру, педагогтердің артық жүктемесін азайту, шағын және микробизнесті қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету, салық заңнамасын жаңарту және жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу мәселелері қамтылды.

Сараптамалық пікірталас барысында ұлттық мемлекеттілік, Құрылтай институтының тарихи рөлі, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтық санасын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Ұлттық ғылым академиясының, ғылыми-зерттеу институттарының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен ғалымдар аталған бағыттардың тұрақты әрі жауапты қоғам қалыптастырудағы маңызы жөнінде пікір алмасты.

Талқылаудың практикалық жалғасы ретінде мемлекеттік және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев пен ғалым-түрколог Зәрипбай Оразбайдың авторлығымен жарық көрген «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өтті. Басылымда Құрылтай институтының тарихи және қоғамдық-саяси қырлары қамтылған.

Сондай-ақ қатысушыларға заңгер, PhD докторы Бақытжан Сапаровтың авторлығымен әзірленген «Конституция сақшылары» атты танымдық комикс таныстырылды. Басылым конституциялық құндылықтарды кеңінен насихаттауға және, әсіресе, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған.

Кездесу ел болашағы, ұлттық дәстүрлер сабақтастығы және қазіргі қоғамдық өзгерістер жағдайында құқықтық мәдениеттің маңызы жөніндегі ашық сараптамалық диалог алаңына айналды.

Оқи отырыңыз: 12 қарашада Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр