Айтулы тізімге Алматы қаласынан 6 студент кірсе, соның бірі - Ангелина Адарич
Алматы технологиялық-қаржы және инновациялық-техникалық колледжінің 3 курс студенті Ангелина Адарич Жұмысшы мамандықтары жылына арналған «Қазақстан Республикасының ТОП-100 колледж студенті» республикалық байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған конкурс қорытындысы бойынша алматылық 6 дарынды студенттің бірі болған Ангелина Адарич еліміздің болашағы зор студенттері қатарына енді.
АТҚжИТ колледжінің «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандығына оқып жатқан студент Алматыда өткен «НАН-FEST» қалалық кәсіби шеберлік байқауында 1-орын иегері, Алматы колледждерінің ең үздік студенттері өзара бақ сынасатын WorldSkills Almaty кәсіби шеберлік чемпионатының екі мәрте жеңімпазы болып үлгерген. 18 жасқа енді аяқ басқан дарынды қыз бүгінде халықаралық байқаулардың 5 рет және елімізде өткен байқаулардың 4 рет жеңімпазы атанған.
Фото: Ангелина Адаричтің жеке мұрағатынан
«Отбасымда мені аспаздыққа бауылған ешкім болмаса да, осы мамандыққа деген ерекше құлшынысым болды. Колледжде теориялық сабақтардан өзге, арнайы пән кезінде зертханада көргенімізді тәжірибе жүзінде жасап үйрендік. Кейіннен өндірістік тәжірибеден өтуге барғанда, жергілікті шеф-аспаздар тәжірибесін бойыма сіңірдім. Олар менің құлшынысымды бағалап, жұмысқа шақырды. Осылайша, мен әрі оқып, әрі білім алуға көштім», - дейді Ангелина.
Дарынды студент сонымен қатар Түркияның Анталья қаласында өткен, әлемнің 35-ке жуық елінен 2 мыңнан астам аспаз қатысқан Gastro Antalya халықаралық байқауында торт әзірлеп – күміс медаль, десерт әзірлеп қола медаль, ал топтық сайыста екінші орын иеленіп, жеңімпаз кубогын алған.
Осы тұста Ангелина Адаричтей ізденімпаз жастардың еңбегін Қазақстанға және алыс-жақын шетелдерге танытып жүрген ұстазы Шолпан Бақтыбайқызы студентінің қиындықтан қорықпайтын, тәжірибе жинаудан жалықпайтын мінезі туралы айта келе, оның мұндай жетістікке жетуіне колледж тарапынан барынша мүмкіндік жасалып отырғанын атап өтті.
Фото: Ангелина Адаричтің жеке мұрағатынан
«Алматы қаржы және инновациялық-техникалық колледжі» мекемесінің басшысы Ғалия Кунчаеваның мұрындық болуымен оқу орны 45 ірі өндіріс орнымен ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр. Оқушыларды тәжірибеге 1 курстан бастап дайындаймыз. Теориялық білімі мен практикалық білімі сай келетін оқушыларымыздың өз мамандығы бойынша ойдағыдай жұмыстарға тұрып жатқаны қуантады.
Ангелина сияқты тағы 15 студентімізді халықаралық байқауларға жіберіп жүрміз. Келешегі зор шәкірттер саны күннен күнге өсіп келеді. Біз шетелге шыққанда өз колледжіміздің ғана емес, Қазақстанның туын ұстап шығамыз. Ондай ірі жарыстарға қандай да бір орын алу үшін емес, дарынды студенттерімізді танытуды, таным көкжиегін кеңейтуді, сонымен қатар өзіміз барған елдермен өзара ынтымақтастыққа қол жеткізіп, түрлі байқауда бірлесіп жұмыс істеуді мақсат тұтамыз. Оқушылар байқау арқылы көп тәжірибе жинайды, өз мамандығына құлшынысы артып, кәсібилікке ұмтылады, шығармашылыққа көңіл бөледі», - деді АТҚжИТ колледжі директорының орынбасары, кулинарлық жобалар жетекшісі Шолпан Мақұлбекова.
Айта кетсек, АТҚжИТ колледжі студенттерінен құралған топ – Қазақстанның бас аспаздар қауымдастығының жас командасы. Аталған қауымдастықтың эмблемасын ұйым басшысы Александр Трегубенконың рұқсатымен тек осы колледж оқушылары тағуға құқылы.
Бұған дейін тек Алматыда өткен жарыстарға қатысып, барлық жүлделі орынға ие болған колледж оқушылары 2017 жылдан бастап шетелдерге шыға бастаған. Ресейде өткен халықаралық байқаудан Гран-при алып келген соң бірнеше елде өткен конкурстарға қатысып, олжалы оралып жүрген шәкірттерін колледждегі ұстаздары мақтан тұтады.
«Құрамына 182 ел кіретін WACS, яғни Дүниежүзілік аспаздар қауымдастығының президенті Томас Гуглер аталған колледж студенттерін юниорлар командасы ретінде жақсы біледі. Өзбекстанда өткен аспаздар жарысында 32 ел қатысты, сол кезде 7 медаль алып қайттық. Ал 2018 жылы Түркияның Болу қаласында өткен жарыста 9 медаль иелендік. Сондай-ақ Қырғызстанда «Казан-Мангал», Өзбекстанда «Вкусный Узбекистан», Ресейде «Возрождение традиций» халықаралық байқауларына қатысып, Гран-при алып қайттық. Әзербайжанда өткен байқауға қатысып, 6 медаль ұтып алдық, онымен қоса, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазіргі кезде он шақты студентіміз Қытайда қысқамерзімді тәжірибеден өтіп, оқып жатыр. Ол елмен де меморандумға қол қоюды көздеп отырмыз. Одан басқа да көптеген халықаралық жарыстарға қатысып жүрміз. Тіпті пандемия кезінде еш тоқтап қалмастан, жасаған тағамдарымызды түсіріп, видеороликтерімізді түрлі шетелге жіберіп отырдық. Ал 2021 жылдан бастап қайтадан түрік еліне шыға бастадық. Сол елде Gastro Antalya дәстүрлі халықаралық байқауына қатысып, 5 медаль ұттық», - дейді Шолпан Мақұлбекова.
Қазіргі таңда колледжде 1400 студент 12 мамандық бойынша білім алып жатыр. Биыл білім ұясынан 500 түлек түлеп ұшты.
Ангелина Адарич алдағы оқу жылында Өзбекстан, Ресей, Үндістан сынды бірқатар елді бағындырып, байқаулардың бас жүлдесін алуды мақсат етіп отыр.
«Кулинария бір орында тұрмайтын сала. Аспаздық кеңістігінде еш шек жоқ. Ең қызығы, бұл салада әрқашан жаңа нәрсе үйренуге болады. Жетістікке жету үшін, ең алдымен, өз мамандығыңды сүюің, әріптестеріңді бағалап, кәсібилігін құрметтеп тұруың керек. Мен болашақта еліміздің бетке ұстар, мақтан тұтар аспаздарының бірі болғым келеді. Мен өз оқытушыларыма, ұстаздарыма, қашанда ақыл-кеңесін аянбайтын шебер аспаздарға алғыс білдіремін. Сондай-ақ қалаған білімімізге қол жеткізіп, мамандығымыз бойынша өзімізді жетілдіруге мүмкіндік беріп отырған Қазақстандай елде тұрып жатқаныма бақыттымын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып отырған, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған көптеген іс-шара өтіп жатқаны қуантады», - дейді Ангелина.
Фото: Ангелина Адаричтің жеке мұрағатынан
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Almaty TV ұжымымен кездесті