Алматылық курсанттар «Шымбұлақ» шыңын бағындырды

16.01.2026 19:51

Патриоттық іс-шараға жоғары оқу орындарынан 50-ден аса курсант жиналды

Алматыдағы 5 әскери жоғары оқу орнының курсанттары тәлімгерлерімен бірлесіп, «Шымбұлақ» шыңын бағындырды. Олар 3500 метр биіктікке көтеріліп, төзімділік пен табандылық, салаға деген құштарлықтың озық үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде 33 бұрын Тәрбиеші офицерлер институты құрылды. Сол кезден бері Қазақстанның Қарулы күштері жеке құрамның психологиялық жай-күйін реттеуге, тәртіп пен патриоттық рухты қалыптастыруға көп көңіл бөліп келеді. Биыл да дәстүрден жаңылмаған сала қызметкерлері Алматыдағы арнаулы оқу орындарының курсанттарын «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына шақырды. Таңғы сағат 8:00-де жиналған жастар алдымен арқанжолмен жоғарыға көтерілді. Кейін шыңға қарай бет алды.  

 «Әскери патриоттық іс-шара салауатты өмір салтын сақтауға, дәріптеуге арналған. 2026 жылы 5 арнайы әскери оқу орын мемлекеттік іс-шараларды, бірге өткіземіз деген жоспарымыз бар. Алдымызда әлі наурыз, мамыр айындағы мерекелер бар», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты баспасөз қызметінің бастығы Тұрар Жұбатов.

Патриоттық іс-шараға жоғары оқу орындарынан 50-ден аса курсант жиналды. Бағыт – «Шымбұлақ» шыңы. Шамамен 3500 метр биіктікте орналасқан. Бүгін қар жауып тұр. Десе де жастарға қолайсыз ауа райы еш кедергі емес.

Ал іс-шараға тастүйін дайын келген білім алушылардың талабы жоғары. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери құрылымдарда қызмет етуге ниетті. Қазірден бастап сол армандарын іске асыру үшін еңбектеніп жатыр. Рухани тұрғыда ғана дамып қоймай, физикалық дағдыларын да жетілдіріп жүр.

 «Шымбұлақ» шыңына шыққан өте қызықты болды. Қиын болған жоқ, академияда жүргенде тауларға шығып, шыңдарды бағындырып жүрміз. Балалармен танысып, рухани байып жатырмыз. Аптасына бір рет осындай іс-шара ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын», – деді ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Төлеген Бірлік.

«Академияда үйренгенім  – заң мен тәртіптің осы қадағалау. Режим бойынша жүру, тәртіп. Екінші курстармен бірге, артымыздан өсіп келе жатқан інілерімізгге жолдаймын. Тауларға шығып тұруларын», – деді ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанты Заңғар Серік.

Жалынды жастар айналасы бір сағаттың ішінде шыңға шығып үлгерді. Кейін естелікке суретке түсіп, жақындарына бейнежолдауын да жіберіп жатты. Ал іс-шараның қорытынды кезеңінде тәлім-тәрбие беруден жалықпаған қызметкерлер, қабілетімен ерекшеленген білім алушылар алғыс хатпен марапатталды.

Мақсатқа жеттік, жоспар орындалды. Бірлесе бағындырылған бұл асу – ертең елге қызмет ететін ұрпақтың рухани белесі. Ең бастысы – осындай сын-қатерлердің ер мінезін шыңдайтынын ұмытпаған жөн.

Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына кімдер қатысады