Алматылық оқушылар АҚШ-тағы халықаралық байқауда күміс медаль еншіледі

02.09.2026 19:58

Genius Olympiad – мектеп оқушылары арасында өтетін халықаралық ғылыми және шығармашылық байқау

Алматылық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық байқауда жүлделі болды. Әлемнің 80-ге жуық елінен келген қатысушылар арасында бақ сынаған үш отандасымыздың жаһандық экологияның болашағына негізделген жобалары топ жарып, күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Genius Olympiad – мектеп оқушылары арасында өтетін халықаралық ғылыми және шығармашылық байқау. Ғылыми бәйгеге Қазақстан атынан қатысқан жас зерттеушілердің бірі – Тимур Сакиев. Ол жасанды интеллект пен биологияны ұштастырған жоба ұсынған. Оқушы табиғаттағы ерекше ағзаның қасиетін технологияға пайдалануды көздеген. Оның жобасының негізінде «Физарум полицефалум» деп аталатын шырышты зең жатыр. 

«Жобамның ерекшелігі – информатика мен биологияның екі бағытын ұштастыратынында. Зерттеу барысында физарум полицефалум ағзасының мінез-құлық үлгілерін, түрлі міндеттерді шешу тәсілдерін жасанды интеллект көмегімен талдаймын. Осы арқылы жасанды жадыны аталған биологиялық ағзаның ерекшеліктері негізінде үйретіп, жаңа модель әзірлеймін. Бұл жасанды интеллектіні болашақта Қазақстандағы түрлі мәселелерді шешуге қолдануға болады. Қазір физарум полицефалум ағзасына қатысты тәжірибелер жүргізіп жатырмын. Енді тәжірибелердің санын көбейтіп, олардың нәтижелерін цифрландырып, көбірек дерек жинау қажет», – деді Наурызбай ауданындағы НЗМ оқушысы Тимур Сакиев.

Халықаралық байқауда бақ сынап, жүлделі болғандардың қатарында Ализа Стыбаева мен Зере Нұрбол да бар. Олар Қазақстандағы су тапшылығына қатысты жоба әзірлеген. Олардың жұмысы – ылғалды ұзақ уақыт бойы сақтай алатын гидропоникалық субстрат. Зерттеушілердің айтуынша, бұл өнім өсімдіктерді қажетті ылғалмен қамтамасыз етіп, суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Алда атқаратын жұмысымыз әлі көп екенін түсінеміз. Ең алдымен, субстратты нақты шаруашылықтарда, гидропоникалық фермаларда сынақтан өткізіп, оның қазіргі уақытта өсіріліп жатқан өнімдерге қаншалықты тиімді әсер ететінін тексереміз. Мен Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына үлесімді қосқым келеді. Әсіресе осы салада суды тиімді пайдалануға мүмкіндік берсек деймін. Өйткені, еліміздегі су қорының шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады», – деді Наурызбай ауданындағы НЗМ оқушысы Ализа Стыбаева.

 Жас зерттеушілердің басты мақсаты – ғылымдағы ізденісті елдегі мәселелерді шешуге бағыттап, Қазақстанның ауыл шаруашылығында су ресурстарын ұтымды пайдалануға үлес қосу. Жоба әзірге зерттеу кезеңінде. Алдағы уақытта оны нақты гидропоникалық шаруашылықтарда сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

«Біз жалпы күміс медаль аламыз деп ойламадық. Бірақ сол жаңалықты естіген кезде қуанышымызда шек болмады. Ұзақ уақыт бойы жасаған еңбегіміздің жемісі ақталды деп санасақ болады және Қазақстанды үздік нәтижеде көрсеткенімізге ризамыз! Жобамыз экология, және экономика, бизнес саласына тікелей байланысты. Сондықтан өзімді болашақта экономика саласындағы маман ретінде көремін», – деді Наурызбай ауданындағы НЗМ оқушысы Зере Нұрбол

Халықаралық байқауда күміс жүлдеге ие болу – жас зерттеушілер үшін үлкен жетістік. Олар бұл нәтижені Қазақстандағы ғылымға қызығатын жастардың ынта-жігерін көрсетуге берілген мүмкіндік деп санайды.

Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков

 

Толық көрсету