Алматылық оқушылар бионикалық қол протезін ойлап тапты

13.01.2026 19:10

Жоба арнайы ғылыми хабта жүргізіледі

Almaty.tv

Алматылық оқушылар бионикалық қол протезін ойлап тапты. Жоғары технологиялы бұл құрылғы ұсақ моторикамен қоса, күрделі қозғалыстарды да орындай алады. Протездер 3D-принтердің көмегімен жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қол протезін жасау үшін оқушыларға шамамен бір жыл уақыт кеткен. Жобаға 5–6 оқушы қатысып, әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті атқарған. Аталған құрылғының екі түрі бар. Мәселен, бір түрі дауыс арқылы басқарылады. Яғни, арнайы қосымшаға қосылған кезде пайдаланушы түрлі пәрмен бере алады. Ал екінші үлгісі қолға бекітілетін арнайы датчиктер арқылы жұмыс істейді. Олар бұлшықеттердің электрлік белсенділігін анықтайды. Екі құрылғы да адам қолы орындайтын негізгі қимылдарды жасауға мүмкіндік береді.

«Біздің мақсатымыз – жобаны әлеуметтік бағытта дамыту, кембағал жандарға көмек көрсету. Мысалы, бионикалық қолдар. Қазіргі таңда олар өте қымбат, яғни кейбір адамдар оны сатып ала алмайды. Сондықтан біздің міндетіміз - мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы өмір қалыптастыру», – деді 9-сынып оқушысы Николай Ремер.

QYSH ғылыми орталығының оқушылары бүгінде қол протезінен бөлек, «Ақылды шлагбаум» деп аталатын жобамен айналысып жатыр. Құрылғының ерекшелігі жедел-жәрдем, өрт сөндіру сияқты қызметтік көліктер жақындаған сәтте автоматты түрде таниды және кедергіні көтереді. Жас ғалымдардың сөзінше, бұл төтенше жағдай кезінде жүргізушінің еш бөгетсіз өтуіне мүмкіндік береді.

«Тұрғын үйлердің ауласында шлагбаумдар көп жағдайда істен шығады. Кейде адамдардың өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Өте көп қауіпті жағдайға душар болады. Біздің құрылығының ерекшелігі шлагбауым мүлде ашылмайды», – деді 11-сынып оқушысы Мұстафа Камалов.

Айта кетейік, аталған жобалар арнайы ғылыми хабта жүргізіледі. Қаладағы жас дарындардың басын қосқан бұл орталық 2024 жылы құрылып, оқушыларға робототехника, мехатроника және биомедициналық инженерия бағыттары бойынша білім беріп келеді. Қазір мұнда шамамен 15 жасөспірім бар. Оларға бағыт-бағдар беретін ғылыми жетекшілер де бар.

«Көбінесе бала өзінің қалауымен келеді. Бірақ кей кезде бала болғаннан кейін, олар әлі ғылымның түбейгейлі не екенін түсінбегендіктен бағыт-бағдар беріп, көмектесеміз. Мақсат – ғылымға бағыттау, жас ғалымдардың санын көбейту, сапалы жұмыстар жасау», – деді ғылыми жетекші Айман Өжикенова.

Жоба авторларының сөзінше, болашақта протездерді жетілдіріп, оларды кеңінен қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Алматылық жас өнертапқыштар  қолжетімді әрі пайдалы құрылғылар жасап, өмір сапасын жақсартуға үлес қоспақ ниетте.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Ұлттық театрға 100 жыл: Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті