Алматылықтар Көрісу күнін қалай атап өтетінін айтты

14.03.2026 10:07

Көрісу күні - бірлік пен өзара құрметтің, ізгі қарым-қатынастың символы

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көрісу күніне орай Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері көшеде сауалнама жүргізді. Қала тұрғындарына осы күн туралы сұрақ қойып, көрісу туралы не білетінін, қалай атап өтетінін сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғындардың айтуынша, Көрісу күні адамдар туған-туысымен, көршісімен, достарымен кездесіп, бір-біріне жылы лебіз білдіріп, қал-жағдай сұрасатын ерекше мереке. Алматылықтардың көбі осы күні жасы үлкен кісілердің үйіне барып, сәлем беріп, құрмет көрсетіп, олардың батасын алуға тырысады екен.

Кейбір тұрғындар мерекені үйде өткізетінін айтса, біреу көршілерімен, енді бірі көптен көрмеген танысымен көрісіп, сөйтіп атап өтетінін жеткізді.  

Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше, Көрісу күні бірлік пен өзара құрметтің, ізгі қарым-қатынастың символы. Алматылықтар бір-біріне денсаулық, амандық тілеседі осы күні. Олар мұндай дәстүр ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұлтты ұйыстыра түсетінін айтты.

Оқи отырыңыз: Амал мерекесі – Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні