Алматылықтар Шөмішбай Сариевті еске алды

24.04.2026 16:30

Оның 500-ге тарта өлеңі қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болған

Алматыда белгілі ақын Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық «Алтын медаль» сыйлығының лауреаты тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ақынның шығармаларын кеңінен насихаттауға арналған іс-шара мемлекеттік архивте өтті. Алдымен жиналғандар Шөмішбай Сариевтің бұрышына барды. Ол жерде қазақтың біртуар тұлғасының көзі тірісінде пайдаланған заттары, марапаттары мен кітаптары сақталған. Сондай-ақ іс-шара барысында әдебиеттанушылар мен қаламгерлер қара сөзден кесте тігіп, өлеңі әнмен өрілген өр тұлға жайында естелік айтты.

Оның 500-ге тарта өлеңі қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болды. «Атамекен», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Ойлайсың ба, сен», «Аяулым» сияқты туындылары әлі күнге дейін әншілердің репертуарынан түскен жоқ.

«Ол кісімен жұмыс істеу оңай болатын. Үйінде өлеңін жазып «Естай, мынаны қарашы» деп шақыратын. Өлең жолдары бірден әнге түсетіндей буындары төгіліп тұратын», – деді сазгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Естай Әлікеев.

Оқи отырыңыз: Алматыда балаларға арналған ғылыми музей ашылады