Алматылықтар жұмыстан кейін медициналық тексеруден өте алады
Алматылық азаматтарға медициналық тексеруден өтуге қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мәселен, қалалық №28 емхананың ұжымы тұрғындардың жұмыс уақытынан кейін де медициналық мекемеге келіп, скринингтен өтуі үшін 2 күн кешкі 18:00-ден сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай режим күнделікті жұмыстан қолы босамайтын тұрғындар үшін тиімді. Дәрігерлердің айтуынша, бастама табысты болса, үрдісті жалғастырады.
Айта кетейік, скрининг арқылы қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетін ерте анықтауға болады.
«Онкологиялық ауруларды ерте анықтау ерте кезеңде, диагностикалау, диспансерлік есепке алу мақсатында скрининг халық арасында жүргізіледі. Көп жағдайда жұмыстарын айтып, күндізгі уақытта келе алмаймын деп жағдайларын айтып жатады. Жалпы енді көзі ашылып жатыр халықтың, сондықтан ерте келіп өтуге тырысады. Бізде скринингтен өтуіне байланысты жұмыстан үш күнге босатуға да болады даже», – деді № 28 емхананың бөлім меңгерушісі Сәуле Таубалдиева.
«Жұмыстан кейін маған емделіп, қаралған маған өте тиімді. Өйткені, таңертеңгі 8-ден 4-ке дейін жұмыстамын, басқа уақытта келіп қаралуға уақыт болмайды. Күндіз очередь көп болады, сол себепті осы кешкі уақытта келіп қаралу өте тиімді», – деді қала тұрғыны Шара Қайыржанқызы.
Оқи отырыңыз: Елімізде 36 мыңға жуық адам АИТВ инфекциясымен диспансерлік есепте тұр