Алматылық жас ғалым тұрғындарды ауласын таза ұстауға шақырды

14.04.2026 22:23

Алматыда алты айдың ішінде 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

«Алматыда алты айдың ішінде 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды». Бұл туралы қаланың тазалығын сақтауға бағытталған тың жобаны жүзеге асырған жас ғалым мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, бастама аясында тұрғындар қалдықтарды суретке түсіріп, арнайы қосымшаға жүктеген. Нәтижесінде жарты жыл ішінде шаһар аумағынан 200-ге жуық жүк көлігі қоқысты сыртқа шығарған. Сонымен қатар игі бастамаға тек жастар емес, ардагерлер де белсене атсалысып келеді.

Алматыда заңсыз қоқыс төгілетін аумақтардың саны айтарлықтай қысқарды. Бұған алты ай бұрын қолға алынған «Таза қала» жобасы оң ықпал еткен. Аталған бастаманы ұсынған жас ғалымның айтуынша, тұрғындар көшедегі үйілген қалдықтарды суретке түсіріп, арнайы платформаға жүктеуді дағдыға айналдырған. Соның нәтижесінде аудан әкімдіктері өтініштерді жедел қабылдап, тиісті мекемелерді тазалық жұмыстарына бағыттайды. Осылайша жүйелі түрде жүргізілген тазалау шаралары шаһардың ажарын ашып, көркін кіргізген.

«Біз 6 ай бойы 300 тоннадай қоқыс шығардық. Бірақ қайта жиналып жатыр. Сол себепті Алматы тұрғындарын өзінің ауданында, яғни өзінің үйінің айналасын таза ұстауға шақырамын. Өйткені біздің тазалық жақсы жұмыс істеп жатыр», - деді«Taza Qala» жобасының авторы Нұрлыхан Қалжанов.

Көрікті қала қалыптастыру жолында тек жастар емес, белсенді ардагерлер де ерекше үлгі көрсетіп келеді. Мәселен, Әуезов ауданындағы Белсенді өмір сүру орталығының 250-ге жуық қызмет алушысы әрбір тазалық шарасынан шет қалмайды. Қолдарына тырма ұстап, айналаны күл-қоқыстан арылтуды күнделікті дағдыға айналдырған. Сондай-ақ зейнеткерлер «Таза қала өзімізден басталады» деген ұстанымды ту етіп, кейінгі буынға өнеге боларлық тәрбие беріп жүр.

«Тазалық деген баршамызға да керек. Қала әдемі болу үшін, таза болу керек. Әрқайсыңыз көңіл аударсаңыздар! Қала бір, біз деген миллион халықпыз. Ең бірінші орында тазалығымыз тұрады», - деді зейнеткер Роза Мұқаева.

«Біз немере-шөбере сүйіп отырған жаста болсақ та, қоғамға үлгі болуды парыз санаймыз. Сол себепті «Таза Қазақстан» экологиялық акциясынан қалмай, қаланың көркін келтіруге әрдайым атсалысып жүрміз. Жасымыз ұлғайса да, тазалықты бәрінен жоғары қоямыз. Алматы – бәрімізге ортақ шаһар, сондықтан оны таза ұстау әрқайсымыздың борышымыз», - деді зейнеткер Роза Рәзиева.

Айта кетейік, Алматы қаласында көгалдандыру мен қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар қарқын алып келеді. Мәселен, күні кеше «Мөлдір бұлақ» экологиялық науқаны аясында 2 жарым мың текше метр қоқыс сыртқа шығарылды. Сонымен қатар биыл шаһарда шамамен 550 мың түп жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Мәди Мәлік. Жақсылық Тлепберген, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматылық жас ғалымдарға пәтер кілті тапсырылды