Алматылық зерттеушілер инсульттің алдын алатын стартап жоба дайындаған

08.11.2024 13:54

10 қараша – цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні

Қазақстан электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша биыл БҰҰ рейтингінде 24-орынға тұрақтады. Ал онлайн-қызмет көрсету саласында еліміз әлемдегі үздік он мемлекеттің қатарына енген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

10 қараша – цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні. Биыл кәсіби мереке жексенбіде тойланбақ. Бүгінде 200 мыңнан аса маман қызмет ететін салаға жастар арасында да қызығушылық жоғары. Себебі жыл сайын IT бағытында 40 мыңға жуық түлек диплом алады. Сондай жандардың бірі – жастайынан зерттеу жүргізуге құмартқан, арман қуып, киберқауіпсіздік мамандығына оқуға түскен Әмір Күміспайұлы. Ол құрылыс алаңындағы олқылықтарды анықтап, заңбұзушылықтың алдын алуға көмектесетін дрон жасап шыққан. Жобасын 60 күннің ішінде әзірлеген.

"Жобаның мақсаты – құрылыс алаңындағы кемшіліктерді ерте анықтауға бағытталған. Қысқаша айтқанда, дронды ұшыру арқылы сапаны бақылай аламыз. Түсірілген барлық бейнежазбалар мен фотосуреттер арнайы қосымшаға жүктеліп отырады. Оның жұмысы өте қарапайым. Кез келген жауапты маманның кіріп қадағалауына болады", – деді студент Әмір Жанғанашев.

Жас өнертапқыштың сөзінше, қателікті тапқан компанияның ары қарайғы жұмысы жеңілдей түседі. Әмір бұл жобасын түрлі конкурстарда қорғап, жүлделі орындарға да ие болып үлгерген. Қазір жаңа бастамасы тыңғылықты зерттеліп жатыр. Жуық арада құрылыс компаниясымен серіктестік орнату да жоспарланған.

 Ал инсульттің жылдам алдын алуға болатынын сіз білесіз бе? Алматылық зерттеушілер 5 минуттың ішінде диагнозды 90 пайыз дәл қойып беретін стартап жоба дайындаған. Нәтижесінде 150 мыңнан аса маман дертке дауа, еміне шипа тапқан.    

"Әлемде әр 3 минут сайын инсультке қатысты дұрыс диагностика жүргізілмегендіктен адамдар қаза тауып жатыр немесе мүгедек болып қалады. Бұл кезде уақыт шешуші рөл атқарады. Науқастың жылдам әрі қажетті ем қабылдауы үшін кем дегенде 4 сағаты болады. Сол себепті дәрігерлер ишемиялық инсульттың аймағын дереу анықтап, шара қолдануы қажет. Осы тұста, жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін жүйеміз көмекке келеді", – деді компанияның операциялық директоры Бексұлтан Шәкімов.

Жоба құрастырушыларының сөзінше, уақыт тығыз кезде дұрыс әрі нақты талдау жүргізу өте маңызды. Дәрігерлер бұл жүйені қолдану арқылы жылдам шешім қабылдай алады. Пилоттық жоба 50 ауруханада сынақтан өткізілген. Жасанды интеллект магнитті-резонанстық томография құрылғысымен біріктірілген. Ақ халаттылар зерттеу нәтижесін компьютерден бөлек, ұялы телефон арқылы да қабылдай алады. Қызығы адам миының қай жерінде қан ұйып қалғанын дәл анықтап беру үшін зерттеушілер 4 жылдан аса уақыт еңбектенген. Жасанды интелектіні әбден ақпаратқа қанықтырған.  

"Жобаны енгізгелі Қазақстанда инсультке шалдыққандардың жылдам сауығып кетуі 40 пайызға артты. Дәрігерлер 5 минуттың ішінде талдау нәтижесіне ие бола бастады. Науқастар еміне шипа тауып, өмір сүруге деген құлшынысын арттырды. Біз 2021 жылы 1 миллион доллар көлемінде инвестиция алғанбыз. Бұл жүйемізді одан ары дамытуға септігін тигізді", – деді компанияның операциялық директоры Бексұлтан Шәкімов.

Бұл компания 30-дан аса маманның басын біріктіріп отыр. Жоба Өзбекстан мен Сауд Арабиясына экспортталған. Зерттеушілер АҚШ-тың нарығын игеруді көздеп отыр.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда ортопедия және травматология саласы бойынша конференция өтті