Қазақ ғылымы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткермен қоштасуға зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен жақындары жиналды
Алматылықтар ғалым, публицист Ғарифолла Әнесті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғарифолла Әнес 1957 жылы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туып, Алматыдағы сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Белді қызметтерді абыроймен атқарып келген ғалым, публицист Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне сүбелі үлес қосты. Ақжайықтың «Ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгереева қайраткердің өскелең ұрпақ үшін еткен еңбегі еш ұмытылмайтынын айтты.
Атқаратын ісі көп еді. Қуғын-сүргінге арналған қазақ ұлтының қасірет шеккен жылдардағы адамдары еске алу үшін мына Алматы облысында музей ашты. Тапқанын соған салды, қиналып жүргендерге кітап шығаруға көмектесті, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева.
Артында өшпес із қалдырған кемеңгер тұлғамен қоштасу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, жақындары мен әріптестері жиналды. Мемлекеттік кеңесші, Мәдениет және ақпарат министрі, Алматы қаласының әкімі және тағы бірқатар лауазымды тұлғалар марқұмның туған-туыстары мен отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алғашқылардың бірі болып, «Арыс» деген қорды құрды. Тарихи мықты танымдық дүниелер жазып жүрген адам арыстардың кітабын шығарумен айналысты. Халыққа, елге еңбегі сіңіп жүрген азаматтың дүниеден өтіп кетуі – ұлт, халық үшін де қасірет деп ойлаймын, – деді Түрксой жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Саналы ғұмырын Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеуге арнаған азамат 67 жасында өмірден озды. Десе де, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіні хақ.
Оқи отырыңыз: Алаштанушы Ғарифолла Әнес дүниеден өтті