Алматылықтар Қонаев бюстіне гүл шоғын қойды

22.08.2025 16:09

Биыл Дінмухамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған кітаптың екінші томы жарыққа шықты

Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі Дінмухамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден өткеніне 32 жыл толды. Атаулы күнге орай Алматыда Қонаев бюстіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлы тұлғаны еске алуға арналған іс-шараға оның қызметтестері, ізбасарлары, туған-туыстары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаевтың айтуынша, биыл Димаш атамыздың өмірі мен қызметіне арналған кітаптың екінші томы жарыққа шыққан. Сондай-ақ «Қазақстанның территориялық біртұтастығын сақтау мен елдің дамуына қосқан үлесі» атты монографияның да тұсауы кесіліпті. Ал ең бастысы «Қонаев. Сталиннен Горбачевке дейін» деп аталатын фильм қалың көрерменге жол тартты.

 «Біз үшін 22 тамыз – қасиетті күн. Димаш атаның өмірден өткен күнінде осылай жиналып, құран бағыштап, ескерткішіне гүл шоғын қоямыз. Ол кісінің елі үшін жасаған ерең еңбегін халық ешқашан ұмытпайды. Уақыт өткен сайын ол кісіге деген құрметтің еселеніп келе жатқаны қуантады», – деді М. Әуезов музей-үйінің директоры Диар Қонаев.

«Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға Қонаев секілді ақсақалдың, абыздың өмірі мен мәдени мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін ЖОО-да, гуманитарлық пәндер жүргізетін факультеттерде, тарихшыларға, саясаттанушыларға Қонаевтану курсын енгізу керек деп ойлаймыз», – деді қонаевтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Талдыбек Нұрпейіс.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қырғызстан басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады