Алматылықтар Отан соғысының батырларын еске алды

25.06.2025 15:37

Майдан даласында 1 млн 200 мың қазақстандық ерлік көрсетті

Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында «Қазақстан балалары - бейбітшілік үшін» патриоттық акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара Ұлы Отан соғысының құрбандарын еске алып, батырларды ұлықтауға бағытталған. Оны Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық тәрбие орталығымен бірлесіп Қазақстан офицерлер одағы ұйымдастырды. Дәстүр бойынша іс-шараға қатысушылар Даңқ мемориалына гүл шоғын қойып, Отан үшін от кешкендерді еске алды.

Айта кетейік, майдан даласында 1 млн 200 мың қазақстандық ерлік көрсетіп, жан беріп, жан алысты. Ал Қызыл әскердің жауға атқан 10 оғының 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылды.

«Офицерлер одағы осы жылдың басынан бастап, 80 шақты патриоттық тәрбие жұмысын өткізді. Мектептерде, университеттерде жалғастырып жатырмыз. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында», – деді Қазақстан офицерлер одағының президиум төрағасы Махмұт Телеғұсов.  

Оқи отырыңыз: Дендросаябақтағы құрылыс: Шымкентте экобелсенділер дабыл қағып отыр