Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы өткізуді және су лимитін қатаң сақтауды тапсырды

12.05.2026 19:40

Сонымен қатар, биыл шегірткемен күрес шараларына 2,2 миллион гектар жер жоспарланған

Үкіметтің кезекті отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы пысықталды. Премьер-Министр Олжас Бектенов жиынды жаңа кадрлық өзгерістерден бастады. Үкімет басшысы экс-орынбасары Роман Склярға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, Қызылорда облысынан келген жаңа бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа сәттілік тіледі, — деп хабарлайды Almaty.tv.

«Нұрлыбек Машбекұлы, өзіңізге сәттілік тілейміз. Мемлекет басшысының сенімін толық ақтайсыз деп сенемін», — деді Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың баяндамасы бойынша, биыл егіс алқаптарының жалпы көлемі 23,8 миллион гектарды құрамақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Десе де, Министрлік дақылдардың құрылымын әртараптандыруды қолға алған. Мәселен, бидай егістігі 125 мың гектарға қысқарып, оның орнына жүгері мен картоп алқаптары ұлғайтылды. Сондай-ақ, суды үнемдеу мақсатында күріш пен мақта алқаптарын азайту бойынша жұмыс жүруде.

«Республика бойынша күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта алқабы 162,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде тамшылатып суару 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару 12 мың гектарға қысқарады. Бүгінгі таңда егіс жұмыстары барлық өңірлерде басталды», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Сонымен қатар, биыл шегірткемен күрес шараларына 2,2 миллион гектар жер жоспарланған. Министрліктің мәліметінше, бұл мақсатқа қажетті қаражат, техника мен препараттар толық дайын.

Диқандар үшін маңызды мәселенің бірі — жанар-жағармай. Энергетика министрлігі шаруаларға 402 мың тонна дизель отынын нарықтан 15 пайызға төмен бағамен ұсынып отыр.

«Өңірлердегі дизель отынына Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне қосылған құн салығымен 263 теңге болады. Түпкілікті бағаны өңірлік оператор белгілейді. Ол литріне 281 теңгені құрайды, бұл литріне 49 теңгеге арзан немесе жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасынан 15 пайызға төмен», — деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Десе де, ауа райының болжамы шаруаларды алаңдатып отыр. Экология министрі Ерлан Нысанбаев кей өңірлерде топырақтың тез кебуі мен ылғал тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті.

«Ауа температурасының жоғары болуына байланысты топырақтың үстінгі қабатының тез кебу қаупі бар. Сондықтан жекелеген аудандарда жергілікті ылғал тапшылығы болуы мүмкін. Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар және Жамбыл облысының Қордай аудандарының жайылымдарында құрғақшылық қалыптасуы ықтимал», — деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Үкімет басшысы су тапшылығы мәселесін бақылауда ұстауды қатаң тапсырды. Осы мақсатта Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында суармалы жерлерге арнайы лимиттер бекітілген. Суды заңсыз пайдаланғандарға қатаң айыппұлдар салынуда.

«Жалпы, былай қарасақ, су тапшылығы болады. Қазірдің өзінде көріп отырмыз ғой. Сондықтан әр облыс үшін лимиттерін бекіттік пе, соны қатаң бақылау керек. Министрліктің рұқсатынсыз бір тамшы су берілмеуге тиіс», — деп кесіп айтты Олжас Бектенов.

Тұқым сапасына келсек, биылдан бастап шаруалар тексерісті өз қаржысына жүргізеді. Алайда, отандық тұқымды таңдағандарға берілетін субсидия көлемі 10 пайызға артады. Жиын соңында Премьер-Министр диқандарға субсидия беруде әкімшілік кедергілерді жоюды және егіс науқанын сапалы аяқтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде