Алматының тау кластері оқушылар үшін тәжірибелік алаңға айналмақ

30.09.2026 20:40

Жоба аясында бірнеше бағытты бір жүйеге біріктіру жоспарланған

Алматының таулары туристік бағыт қана емес, білім мен тәжірибені ұштастыратын табиғи ортаға айналуы мүмкін. Тау кластерін дамыту барысында оқушылар мен студенттерге арналған танымдық және экологиялық бағыттарды қалыптастыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жоба аясында бірнеше бағытты бір жүйеге біріктіру жоспарланған. Соның бірі – таулы аумақты тәжірибелік сабақтар өткізуге пайдалану. Мәселен, география пәнінде оқушылар жер бедері мен биіктік ерекшеліктерін бақыласа, биология сабағында таулы аймақтағы өсімдіктер әлемін зерттей алады.

Мектеп мұғалімдері де мұндай бастаманың оқушылар үшін тиімді екенін айтады. Олардың пікірінше, табиғатты оқулықтан оқумен қатар, оны көзбен көріп, тәжірибе жүзінде зерттеу балалардың пәнге деген қызығушылығын арттырады.

– Оқушыларға арналған арнайы аймақ қалыптасып, оларға автобуспен барып-қайту мүмкіндігі қарастырылса, балаларымызды алып шыға алар едік. Мұндай мүмкіндік оқушыларға да, пән мұғалімдеріне де пайдалы болар еді. Оқып жатқан білімін көзбен көріп, қолмен ұстап зерттеу оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырады. Сонымен қатар олардың пәнге деген қызығушылығын күшейтіп, табиғатты аялауға үйретеді. Қазақстанның керемет табиғатын қорғауға да мол септігін тигізер еді, – деді №224 «Келешек» мектебінің мұғалімі Нұртуған Мәжит.

Мамандардың айтуынша, болашақта тау аумағында оқушылар мен студенттерге табиғатты зерттеуге мүмкіндік беретін арнайы зертхана ашу жоспарланып отыр. Онда таулы аймақтағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеп, теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік жасалмақ.

– Ол биология, өсімдіктер мен жануарлар әлемін, табиғатты зерттеу бағытында ғылыми жұмыстар жүргізуге арналған үлкен танымдық зертхана болады. Сонымен қатар сол аймақта кездесетін сирек өсімдіктер мен жануарлармен таныстыратын арнайы музей ашу жоспарланып отыр, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Ахтаева.

Осылайша, тау кластері табиғатты тамашалайтын туристік бағыт қана емес, оны зерттеп, танып-білуге мүмкіндік беретін білім беру кеңістігіне айналмақ.

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков, Almaty TV.

Толық көрсету