Аралтөбе қорғанындағы Сармат көсемінің сүйегін 1999 жылы археолог ғалым Зейнолла Самашев тапқан
Атырау облысының Жылыой ауданында ашық аспан астындағы музей ашылды. Ерекше экспозиция екінші «Алтын адам» табылған Аралтөбе қорғанында орналасқан. Археологтар қазба жұмыстары кезінде 300-ге жуық алтын элемент табылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аралтөбе қорғанындағы Сармат көсемінің сүйегін 1999 жылы археолог ғалым Зейнолла Самашев тапқан. Қорымнан оның киімі мен қару-жарағына қатысты 300-ге жуық алтын бұйым анықталды. Ұлт тарихы үшін аса құнды жәдігер екінші «Алтын адам» деп аталды. Алайда тарихи нысан ұзақ жылдар бойы қараусыз жатты. Қорғанды қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылы басталып, 2025-те толық аяқталды. Осылайша, араға 27 жыл салып тарихи жерде ерекше орын ашылды.
«Осы жерде туып өстім, балалық шағым өтті. «Алтын адамның» табылуы ел үшін, ақкиізтоғайлықтар үшін ерекше қуаныш болып есептелінеді», – деді Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Наурызбай Төлеуов.
«Ашық аспан астындағы музейге келушілер тарихи қорғанды ғанан көріп қоймай, Сармат дәуірінің тынысын сезіне алады. Экспозицияның көркемдік безендірілуіне еліміздегі алғашқы гиперреалист мүсінші Айдос Әкімғалиұлы жетекшілік еткен. Мұнда Алтын адамның бейнесі де сомдалған.
«Аталған қорған 25 жыл бойына иесіз тұрған. Жергілікті атқарушы органның қолдауымен Атырау облысы мәдениет басқармасының қолдауымен тікелей жүзеге асқан жобалардың бірі. Қазіргі кезде қорған толықтай қайта жаңғырту жұмыстарынан өтті», – деді Жылыой аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров.
Жаңа музей – жас ұрпаққа тарихты танытатын маңызды мәдени-танымдық нысан. Енді мұнда келушілер Сармат дәуірінің тарихымен танысып, Аралтөбе қорғанынан табылған екінші «Алтын адам» туралы тың деректерге қаныға түседі.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы 2 алтын медаль алды
¤