Бұл – елімізде бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш
Жамбыл облысының тұрғыны салмағы 775 граммға жететін алып шабдалы өсірді. Мамандардың айтуынша, бұл – елімізде бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш. Ал әлемдік рекорд былтыр АҚШ-тың Вирджиния штатында тіркелген. Ол кезде салмағы 830 грамм болатын шабдалы Гиннестің рекордтар кітабына енген еді, деп хабарлайды Almaty TV.
Бақтияр Затілдаев пен жұбайы 2023 жылдан бастап шабдалы өсірумен айналысады. Олар Испаниядан «Экстрим» сортын алдыртып, 300 көшет отырғызған. Нәтижесінде 50 соттық жерден 5 тонна өнім жинаған. Шетелдік сорттың бір ағашы жылына 75 келіге дейін жеміс береді.
«Біз көктемде еккенде көшеттердің биіктігі 1 метр 20 сантиметр болды, күзде 2 метрден асып кетті. Қазақстанда бұл сортты Шымкентте, Түркістан облысында да өсіріп жатыр. Бірақ ең жақсы нәтиже беріп тұрғаны – біздің Меркідегі шабдалы. Бұл топыраққа да байланысты. Топырақ құрамында 30–35 пайыз ұсақ тас болуы керек. Сары топырақта мұндай нәтиже бермейді»,- деді шаруа қожалық жетекшісі Бақтияр Затілдаев.
Меркілік шабдалының көлемі де ерекше. Жекелеген жемістердің салмағы 775 грамға дейін жеткен. Қазір шаруа өнімнің келісін 3 мың теңгеден сатып отыр. Алдағы уақытта алқап көлемін 4 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, мұндай өнім түріне арнайы субсидия қарастырылмаған. Дегенмен шаруашылықтың тиімділігін арттыру мақсатында өнімді қысқа мерзімде салқындатуға арналған, сыйымдылығы 20 тонна болатын арнайы қондырғы орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар отандық тыңайтқыштар мен өсімдік қорғау құралдары құнының 60 пайызы өтеледі.
«Қазіргі уақытта қалыптасқан қағидаға сәйкес, ондай өнімге арнайы субсидия жоқ. Сыйымдылығы 20 тоннаны құрайтын, қысқа мерзімде салқындату қуаты бар арнайы қондырғы орнатылып, аталған шаруашылықтың жұмысындағы тиімділігін көру мақсатында жұмыстар жүргізілуде», - дейді ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Нұрғиса Қанқожаев.
Диқанның айтуынша, бір гектарға егілген шабдалы ағаштары бес жылдан кейін 45 тоннаға дейін өнім бере алады. Айта кетейік, Жамбыл облысында бау-бақшаның жалпы аумағы 1,8 мың гектарды құрайды. Оның тек 24 гектарында ғана шабдалы өсіріледі.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Almaty TV, Тараз қаласынан