"AMANAT" партиясы Жетісу ауданында экомәдениетті насихаттау шарасын ұйымдастырды

14.11.2025 16:11

Қала жастары «Таза Қазақстан» жобасы аясында қоршаған ортаны қорғау дәрісін тыңдады 

Алматының Жетісу ауданында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясының кезекті жиыны өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қала жастары мен еріктілер қатысты. Жиын барысында қатысушылар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және экологиялық әдеттерді қалыптастырудың маңызы туралы тың ақпарат алды.

Сонымен қатар белгілі экологтардың дәрісін тыңдады. Акцияның мақсаты - алматылықтарды қала тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндеу.  

«Мұнда тұрмыстық қалдықтар, оларды қалай өңдеу, сұрыптау, экологиялық өндіріс және жасыл технологияға байланысты біраз ақпарат алмастық», - дейді «AMANAT» партиясы Жетісу аудандық филиалының төрағасы Асылбек Сатаев.

«Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін нығайтып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Болашақта бұл іс ары қарай жалғаса береді. Біз мұнымен ғана шектеліп қалмаймыз. Осындай шеберлік сағаттары, сонымен қатар осы іспетті экскурсиялар жастарымыз үшін маңызды іс деп ойлаймын», - деді «AMANAT» партиясы Жетісу аудандық филиалы идеология бөлімінің маманы Нұргүл Керімқызы.

Оқи отырыңыз: Ертең – Ұлттық валюта күні: Алматы мектептерінің бірінде қызықты іс-шара өтті