Іс-шараның мақсаты – халықтың әлеуметтік ахуалын байқап, билік пен бұқара арасында көпір салу
AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы жалғасып жатыр. Бүгін Алматының Түрксіб ауданында ұйымдастырылған кездесуге 100-ге жуық азамат келіп, ақжағалыларға мәселеcін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмахажи Қасенов – Түрксіб ауданының тұрғыны. Бүгінгі кездесуге келген көптің бірі. Ақсақал денсаулығына қатысты мәселесін айтып, депутаттар мен түрлі сала мамандарының көмегіне жүгінген. Қария тегін дәрі-дәрмек, емделу үшін жолдама алу туралы сауал қойған.
"Айдар деген азамат қоғамдық қабылдаудан бірден сол поликлиниканың бастығына звандаған. Жаңа жауап берді, қарашада жолдама береді. Сұрағымның жауабын алдым", – деді қала тұрғыны Жұмахажи Қасенов.
Ал Гүлжазира Қаныбекова өзгенің де мәселесін арқалай келген. Көпбалалы аналарға қамқор боп жүрген азамат көпті толғандырған сауалдарды жолдаған.
Мені әлеуметтік сұрақтар толғандырады. Көпбалалы аналармен жұмыс істегендіктен, тұрғын үй, несие және әлеуметтік іс-шаралар, сондай-ақ алимент мәселесіне қатысты сұрақтар қойылды", – деді «Ана тілегі – бала жүрегі» қоғамдық қорының басшысы Гүлжазира Қаныбекова.
Бүгінгі қоғамдық қабылдауға тек ақжағалылар емес, түрлі басқарма өкілдері, «Отбасы банк» қызметкерлері қатысты. Онда белді заңгерлер де бой көрсетіп, азаматтарға құқықтық сауаттылық жағынан кеңес берді.
"Партияның орталық аппаратынан Алматының Түрксіб ауданына келдік. Алдын ала 70 адам жазылған, бірақ 100-ге жуық азаматты түрлі сауалдармен қабылдап жатырмыз. Кей мәселенің шешімі дәл осы жерде табылып жатса, кейбір сұрақтарды жауапты министрлікке жолдап, тұрғындарға көмектесеміз", – деді AMANAT партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.
"AMANAT партиясының міндетіне кіретін сұрақтар болса, өзіміз қарастырамыз. Ал мемлекеттік органдарға тиесілі болса, сонда жолдап отырмыз. Алайда мәселенің шешілуіне тікелей баскөз боламыз", – деді AMANAT Партиясы Алматы Қалалық Филиалының Төрағасы Станислав Канкуров.
Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – халықтың әлеуметтік ахуалын байқап, билік пен бұқара арасында көпір салу. Алматыда мұндай қоғамдық қабылдау тоқсан сайын ұйымдастырылады.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: «Алатау» театры жаңа маусымды музыкалық комедиямен ашады