Ана мен бала өлімін азайту үшін қандай шаралар жасалды

Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ана мен бала өлімі азайған. Бұл туралы Үкіметте есеп берген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл 6 айда ана өлімі 10 пайызға, нәресте өлімі 26,3 процентке төмендеген. Ол мұндай көрсеткіштерге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ ұсынған халықаралық әдістемелерді медицинаға енгізу арқылы қол жеткізгенін айтты. Мәселен, акушерия саласында 25 және педиатрия бойынша 20 клиникалық хаттама жаңартылған. Былтырдан бастап акушерлік және балаларға арналған ұйымдардағы техникалар 87 пайызға жаңғыртылған.

«Босанғаннан кейінгі қан кетудің алдын алу үшін жаңа әдіс енгізілді. Нәтижесінде биыл ағзаны сақтап қалу операциялары 20 пайызға артты. Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96 пайызын құтқарып қалуға мүмкіндік берді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Қазақстан ана өлімінің төмендеу қарқыны бойынша әлемде төртінші  орында. ЮНИСЕФ балалар қорының Денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі бағдарламаларының жетекшісі Бауыржан Жүсіповтің дерегінше, 2000 жылы аяғы ауыр 100 мың ананың 58-і босану кезінде көз жұмса, 2023 жылы көрсеткіш 9,6-ға дейін қысқарған. Бұл соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде ана өлімінің 83,5 пайызға азайғанын көрсетеді.

 «Соңғы деректерге сай, Қазақстан ана мен бала өлімінің төмендеуі  бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 2000 жылдары Еуропа мен Орталық Азия елдерінде ана мен нәресте өлімі Қазақстаннан аз болса, 2023 жылы керісінше, біздің елде әлдеқайда төмендеген. Әлемдегі ана өлім-жітімінің төмендеу қарқыны бойынша Қазақстан төртінші орында тұр», – деді ЮНИСЕФ балалар қорының Денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі бағдарламаларының жетекшісі Бауыржан Жүсіпов.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Әзербайжанға балық пен бал экспорттайтын болды

Новости партнеров