Ана, Наурыз және әсем Алматы: Shamshyraq ұлттық мектебі жылды қорытындылады

16.03.2026 19:01

Бағдарлама барысында оқушылардың шығармашылық қабілеті мен ұлттық мәдениетке қызығушылығын танытатын жұмыстар ұсынылды.

Наурыз мейрамы қарсаңында Shamshyraq ұлттық мектебі «Ана, Наурыз және әсем Алматы» атты көркем шығармашылық бағдарламасын көпшілікке ұсынды. Іс-шара Әуезов ауданы Білім басқармасының қолдауымен өтіп, жиында қоғам қайраткерлері мен өнер тұлғалары қонақ болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бала тәрбиесі бесіктен» деген танымды ұстаным еткен Шамшырақ мектебі кезекті мазмұнды іс-шарасын Амал мерекесімен тұспа-тұс ұйымдастырды. Ұжым мектеп пен балабақша арасындағы білім беру сабақтастығын сақтауға, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына өнер мен білім арқылы сіңіруге басымдық береді. Бағдарлама барысында оқушылардың шығармашылық қабілеті мен ұлттық мәдениетке қызығушылығын танытатын жұмыстар ұсынылды.

«Балабақшада алған тәрбиесін әрі қарай жалғастырып, бүгінгі заманға сай білім берумен қатар, жасөспірімнің бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп отырғанына өте ризамын. Баланың өз ұлтын, елін, жұртын, жерін сүйіп өсетіні өте құптарлық нәрсе. Алғысым шексіз!» – деді ата-ана Қантгүл Әбірбекқызы.

«Дәстүрлі шара деп айтуға болады. Жылды қорытындылап, балаларымыз үйірмелерден не үйренгенін ата-аналарға көрсету үшін ұйымдастырамыз»  – деді мектеп директорының орынбасары Шуақ Арғынбайұлы.

Мерекелік іс-шараға құрметті қонақ ретінде Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов қатысты. Ол жас өнерпаздарға ақ тілегін айтып, ұлттық өнер мен руханият жайлы ой бөлісті.

Мерекелік концертке 110-нан аса оқушы қатысып, түрлі шығармашылық нөмірлер қойылды. Бағдарламада Абайтану және Алаштану сабақтарынан шағын көріністер ұсынылып, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Сонымен қатар оқушылардың орындауында ұлттық ән мен күй әуелеп, ансамбльдік шығармалар тарту етілді. Өлең оқу сайысы, ұлттық би, хор және вокал топтарының өнері де көрермен назарына ұсынылды.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Көктөбедегі Көрісу күнінде екі мыңға жуық алматылық бас қосты