Аналар күні: мерекелік іс-шаралар барлық өңірде өткізілді

11.05.2025 15:49

Биыл AnaFest атты отбасылық фестиваль өтті

Аlmaty.tv

Бүгін, 11 мамырда, Қазақстанда Аналар күні аталып өтуде. Бұл мереке 2023 жылы ресми түрде бекітіліп, жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аналар күні – аналықтың қадір-қасиетін дәріптейтін, аналарға деген сүйіспеншілік пен алғыс сезімін білдіруге арналған маңызды мереке. Бұл күн әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтеді.

Аталған мерекені өткізу – ананың қоғамдағы мәртебесін арттыруға, аналық құндылықтардың маңызын насихаттауға, қазіргі Қазақстан қоғамындағы аналардың рөлін айқындауға, сондай-ақ қазақ халқының тарихындағы аналар бейнесін ұлықтауға бағытталған.

Тақырыпқа орай: "Біздің өмірмен ғұмыр кешті": Президент анасы туралы естелігін жариялады

Мерекенің маңызын арттыру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева #Анағақұрмет атты челлендж бастамасын ұсынды. Оның аясында әлеуметтік желі қолданушылары өз аналары жайлы естеліктерімен бөлісіп, ең қымбат жанға деген ілтипатын білдіруде.

«Биылғы мереке AnaFest атты кеңкөлемді отбасылық фестивальмен аталып өтті. Шара аясында ата-аналар мен балаларға арналған тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, отбасылық қарым-қатынас мәселелері бойынша мамандар кеңес берді. Балалар арасында «Ананың алақаны» атты фотосурет байқауы мен көрмесі де ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.

Мерекелік іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірінде өткізілді.

Оқи отырыңыз: "Анаға тағзым – Анаға құрмет": Алматы жастары онлайн-челлендж бастады