Антикордың бұрынғы орынбасарының іздеуде жүрген інісі ұсталды

10.12.2024 11:11

Антикор Шымкенттегі орта мектептердің бірінің директорын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін пара алды деген күдікпен Дәуренбек Қожабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр

стоп кадр/антикор

Бұған дейін Шымкент бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Дәуренбек Қожабаев ұсталды. Оған іздеу жарияланған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Антикор Шымкенттегі орта мектептердің бірінің директорын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін пара алды деген күдікпен Дәуренбек Қожабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. БАҚ мәліметінше, ол Антикор бастығының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі. 2023 жылдың қарашасында Мақсат Қожабаев алаяқтық жасағаны үшін сотталып, бес жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.

"Дәуренбек Қожабаевқа тергеуден жасырынуына байланысты халықаралық іздеу жарияланды. 30 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ол ұсталып, тергеу изоляторына қамалды", – деп хабарлады Антикор.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қатты аязға байланысты оқушылар қашықтан оқиды