Апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтар тірі қалған жоқ - алдын ала ақпарат

25.12.2024 21:38

Әуе апатынан 38 адам мерт болды

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазір Ақтауда жүрген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев әуе апатына қатысты соңғы мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, әуе апатынан 38 адам мерт болды. 

— Табылған адам денелері нашар жағдайда, көбісі күйіп кеткен, барлық мүрде жиналды, енді мәйітханада олардың жеке бастары анықталады. Тірі қалған 29 адам, оның ішінде екі бала бар, қазір зардап шеккендер ауруханада. Олардың ішінде 11 адамның жағдайы тұрақты ауыр, қалғандарының хәлі орташа, — деп бағалады Қанат Бозымбаев Tengrinews.kz порталының тілшісіне. 

Одан бөлек, портал тілшісі премьер-министрдің орынбасарынан ұшақ бортында болған қалған қазақстандықтардың тағдырын нақтылады. 

— Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін тірі қалғандар туралы… әзірге, кім екені анықталмаған әйел бар. Ол ес-түссіз, құжаты да жоқ, ауруханада жатыр. Қалған 29 (тірі қалғандар) адамның арасында бірде-бір қазақстандық жоқ, жалпы 6 қазақстандық адам болды, оның ішінде екі бала бар, — дейді ол.

Оның айтуынша, апаттың мән-жайын анықтау Қазақстанның Бас прокуратурасының, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен әуе басқармасының бақылауымен жүргізіледі. 

— Оқиға біздің аумақта болды, тергеуді Бас прокуратура, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен әуе билігі жүргізеді. Оқиға орнында әзірбайжандық әріптестер бар, оларда қатысады, — деп толықтырды Қанат Бозымбаев.

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ұшақ апаты: ТЖМ басшысы оқиға орнына барды