Қалада 10 шағынауданда жарық уақытша сөндіріліп отыр
Шымкентте де аптап ыстыққа байланысты тоққа түсетін салмақ күрт артқан. Салдарынан, қала билігі жүктемені азайту мақсатында электр энергиясына шектеу қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыған байланысты 10 шағынауданда жарық уақытша сөндіріліп отыр. Мамандардың мәліметінше, тұрғындардың электр қуатына деген сұранысы сағатына 350 мегаваттан 459 мегаватқа дейін өскен. Жылу электр орталығында да апаттың алдын алу үшін турбогенераторлардың кейбірі уақытша тоқтатылды. Егер ауа температурасы 40 градустан асып кетсе, мұндай шектеулер қайта енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар өңірде электр желілерінің 57 пайызы тозғанын да айта кетейік. Осыған байланысты жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде жарық жиі сөндірілмек.
«Пайыздық өлшемнің өзінен байқасаңыз, тозу деңгейі өте жоғары. Сол себепті мұндай өшулер жоспарлы жұмыс барысында да, күннің ыстық болуы, жел тұруы сияқты табиғи себептерге де байланысты алда да болатынын жеткізгім келеді», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Оқи отырыңыз: Тарифтердің өсуі жалғаса береді – Олжас Бектенов