Ар ма, әз-Наурыз: Алматыда дәстүрлі музыка концерті өтті

27.03.2026 20:01

Алаңда театрландырылған қойылым, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті

Алматы Наурыз тойын 10 күн бойы атап өтті. Көрісу күнінен басталған мереке 25-іне дейін жалғасты. Мыңдаған халық эстрада жұлдыздарының қатысумен болған концерттен бастап түрлі іс-шараның куәгері болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әз Наурызды тойлауға арналған негізгі іс-шара Астана алаңында «Ар ма, Әз-Наурыз» деген атпен өтті. Ұлтымыздың алтын арқауындай дәстүрлі ән әуелеген концертке Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Шолпан Даржанова, Саят Нұрғазин, Диас Мұратхан сияқты дәстүрлі әншілер мен «Сазген сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблі қатысты.

«Ұлттық құндылығымыз дәріптеліп келеді, сонымен қатар көнеден келе жатқан аспаптарымыз, халық күйі, халық әндері, сал-серілердің әндері Наурыз мейрамында кең насихатталып жатыр», – деді «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов.

Ұлыстың Ұлы күні ұлттық құндылықтар дәріптелді. Өнер майталмандарының айтуынша, дәстүрлі музыка – халықтың даналық қоймасының қазынасына жол ашып, елдің рухы мен зейінін ұштайды.

«Наурызды әлі тойлап жатырмыз, өте керемет. Халыққа үлкен ықыласпене концертті қоюға дайынбыз. Ұлыс оң, ақ мол болсын! Еліміз аман болсын. Әрқашан аспанымыз ашық,Наурыздан Наурызға аман есен жете берейік!» – деді дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова.

 «Наурыз – молшылықтың, имандылықтың, мейірімділіктің мейрамы.Көктем меркесі қалай өзінің шуағын шашып тұр. Қазақ та – күн сияқты айналасына шуағын шашып жүретін қасиетті елміз. Отан дами берсін. Тәуелсіздік мәңгілік болсын!» – деді дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова.  

Дәстүрлі музыкадан бөлек, алаңда театрландырылған қойылым, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Көпшілік Әз-Наурыздың жоғары деңгейде тойланғанына ризашылығын білдірді.

Асыл Махметов, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда халық денсаулығын қорғауға арналған Saqbol онлайн-картасы әзірленді