Ардақ: AlmatyTV-де жаңа сериал көрерменге жол тартты

23.06.2025 16:41

Almaty.TV-де «Ардақ» атты жаңа сериал көрерменге жол тартты. Бұл телехикаяда өз орнын таппай жүрген қала жастарының бірі ауылға келіп, ветеринарлық мамандықты игереді. Қарапайым ауыл тіршілігі, мал бағу мен жан бағудың қадірін тереңірек аша түсетін оқиға көрерменге ой салып, қоғамда жұмысшы мамандықтарға деген құрметті арттыруға бағытталған.

«Ардақ» телехикаясы қалада заңгер мамандығын меңгеріп, өз орнын таба алмай жүрген жас жігіттің өмір жолын баяндайды. Үлкендердің шақыруымен туған жеріне оралған ол, ата жолын жалғап, мал дәрігері атанады. Ауыл өміріне бейімделіп, қарапайым еңбек арқылы өзін таба білген кейіпкердің оқиғасы жастарға болмақ. Сондай-ақ сериалда мал дәрігері мамандығының тапшылығы да сөз болады. 

«Менің сериалдағы рөлім – Алтынбек деген ақсақал. Өмір бойы ауылдың мал дәрігері болған. Сол жасы келіп, орнын босатқысы келеді, бірақ адам жоқ. Бұл – ұлкен мәселе. Ауылдарды аралайды,  ешкім мал дәрігері оқуын оқымайды. Оқығандары басқа салаларға кетіп жатыр», – деді актер Омар Қиқымов

 «Ауылда мал дәрігерлері болды. Қазір жастар бұл мамандықты таңдай бермейді. Маман тапшы», – деді актер Ажаркүл Тәжібай.

Түсірілім Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Бесмойнақ ауылында түсірілген. Режиссердің айтуынша, 10 бөлімнен тұратын тележобаға актерлік құрам ұтымды таңдалған. Телехикаяда басты рөлді 22 жастағы жас актер Ұлан Адамбаев сомдайды. Айтпақшы, түсірілім барысында шығармашылық топ түрлі қиындықтарға тап болған көрінеді. Бірақ бұл жағдай жоба сапасына әсер етпеген.

 «Ауа райы түсірілім алаңында қиындық туғызды. Кейде жаңбыр жауады, кейде күн ашық. Сол себепті қиыншылықтаркездесті.  Өзімнің көңілімнен шығып жатыр. Бірінші рет сериал түсіріп жатырмын», – деді қоюшы режиссер Сұлтан Жеміс.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында түсірілген телехикаяның алғашқы бөлімі сағат 13:40-та көрерменге жол тартты. 30 минуттық сериалдың келесі бөлімдері жұмыс күндері дәл осы уақытта көпшілік назарына ұсынылатынын естеріңізге саламыз. Еңбек адамының қадірін арқау еткен туынды көрерменге тың тақырып ұсынатын жаңа жоба болмақ.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда мобильді топтардың жұмысын күшейту бағытында семинар басталды