Арқанға байлап, атпен сүйреген: Жетісу облысында ер адам әйелін қатыгездікпен өлтірген

Ботагоз Жокенкызы

Марқұмның анасының айтуынша, ол әйелін екі жасар қызының көзінше азаптап өлтірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Азаптап, арқанмен байлап, жылқымен сүйреген». Жетісу облысында асқан қатігездікпен өлтірілген 32 жастағы Айзат Жұманованың жақындары қатыгездікпен жасалған қылмыс деп тіркеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу облысындағы Баласаз ауылында шамамен 1 ай бұрын болған жантүршігерлік оқиға елді дүрліктірді. 32 жастағы Айзат Жұманова азапталып көз жұмған. Жақындарының айтуынша, күдікті күйеуі. Алдын ала болжам бойынша, марқұм бірнеше сағат бойы ауыр соққыға жығылған. Ал Айзаттың өлімі туралы суық хабар туыстарына тек келесі күні жеткен. Оларға не болғанын түсіндірместен, денесін бірден мәйітханаға жіберіпті.

«Өзі құлап қалса, шүйдесі жарақат алар, ештеңе демес едім. Алған жарақатын көрген соң, шындықты талап етемін. Қызымның атынан жаман сөз естігім келмейді», – деді марқұмның анасы Салтанат Жұманова.

Айзат Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасына 22 маусымда сағат 02:30-да жеткізілген. Жарты сағаттан соң дәрігерлер келіншектің көз жұмғанын хабарлаған. Марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова «қызымыздың денесін ұзақ уақыт көрсетпеуге тырысты» дейді. Олар мәйітті алып келгенде денесінің жарасын көріп, есеңгіреп қалған. Сөзінше, марқұмның бас сүйегі мен жамбас сүйегі сынған, білектерінің терісі түгел сыпырылып, көп дене жарақатын алығн. Ал тергеу бұл істі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен ғана тіркеген көрінеді.

«Бізді мәйітханаға кіргізбеді. «Қазақстанның қай заңында мәйітті көруге болмайды» деп жазылған. Ең болмаса, біздің қыз ба, емес па, көрейік?» деп жүріп, ішке кірдік. Айзаттың бетін ғана ашты, қап-қара болып кеткен. Мен денесін ашып көрдім, арқасын көрсетпеді», – деді  марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова.

Асқан қатыгездікпен қаза тапқан Айзат З жыл бұрын отау құрған. Ол отбасылық өмірге шағымданбаған. Айзаттың жақын құрбылары оның жүкті болғанын айтты.

«Ауыр дене жарақатын қасақана келтіру фактісі бойынша, оның салдарынан жәбірленуші қайтыс болған, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған қылмыстық іс жетекшілік етуші Полиция департаментінің ерекше бақылауында. Іс бойынша шындықты толық әрі жан-жақты анықтау мақсатында барлық қажетті қылмыстық-процестік шаралар қабылдануда», – деді Полиция департаменті баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Бексұлтан Әнетұлы.

Туыстары бұл қанды қылмысқа Айзаттың күйеуі жауапты деп, істі қатыгездікпен жасалған қылмыс бабы бойынша тергеуді талап етеді. Ал күдікке ілінген ер адам әйелін өлімші етіп сабағанын мойындамай отыр. Айзаттың анасына «ол биіктен құлады, бір-екі рет қана ұрдым» дегенді алға тартып, ақталуға тырысқан.Марқұмның артынан 2 жастағы қызы қалды, қазір ол ата-әжесінің қолында.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Новости партнеров