ARMIA.KZ: Қорғаныс министрлігі жаңа ақпараттық сервисті іске қосты

02.10.2025 19:08

Сервисті 450 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген

Еліміздің Қарулы күштерінде цифрландыру мен психологиялық қолдау бағытында жаңа жобалар іске қосылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Психологиялық қолдау – әскердің жауынгерлік дайындығын арттырудағы маңызды тетік. Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың ақпараттық бөлім бастығы Қасымхан Туитин 6 ай бойы еңбектеніп, әскери қызметшілер мен олардың отбасына арналған AI-Sulu Telegram-ботын жасап шықты. Бұл цифрлық кеңесші тәулік бойы анонимді түрде психологиялық көмек көрсетіп, күйзеліс пен қиын жағдайларды еңсеруге жәрдемдеседі. Ең бастысы құпиялылық толық сақталып, пайдаланушылардың мәліметтері ешқайда шықпайды. Тіпті ботты жасаған автордың өзі де оған қол жеткізе алмайды. Қазірдің өзінде бұл бастама елдегі барлық әскери бөлімшелерге енгізіле бастады.

«Әскери қызметшілер, офицерлер, отбасылар бар әскери қызметшілердің олардың да бәрінде психологиялық проблема болуы мүмкін. Біздің Қазақстанда адамдарға жақындауға, сұрақ қоюға ұялады. Бот жасау идесы болды. Кез келген адам қорықпай сұрақ қоюға болады», – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ақпараттық бөлімінің бастығы Қасымхан Туитин.  

Бүгінде қазақ армиясында 40 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуде. Әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елдегі барлық әскери бөлімшелерге шамамен 14 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Құрылғылар ғимараттардың әр бұрышына қойылып, тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жүйе тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауға, кез келген жағдайды дер кезінде бақылап, алдын алуға мүмкіндік береді.

«Қазір бейнебақылау камералары елдегі барлық әскери бөлімшелерге орнатылған. Камералардың аналогтық түрлері де, цифрлық үлгілері де бар, бірақ кей жағдайда олар толыққанды сараптама жүргізе алмайды. Осыған орай өткен жылдан бастап бейнежазбаларды талдау үшін жасанды интеллектіні енгізіп жатырмыз. Бұл жүйе тек бақылаумен шектелмей, қосымша талдау жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, қандай көлік кіріп-шыққанын, қоймаға кім, қай уақытта кіргенін тіркеп, толық есеп жүргізе алады», – деді ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев.

Әскердегі тағы бір тың бастама – ARMIA.KZ ақпараттық сервисі. Бұл жүйеде әскери қызмет пен сарбаздардың күнделікті өміріне қатысты өзекті мәліметтер жинақталған. Қазірдің өзінде қолданыста тұрған сервис жасанды интеллект көмегімен ақпаратты жылдам іздеуге және қойылған сұрақтарға жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Осы арқылы халықпен байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы, ата-аналар сайтқа кіріп, баласы қызмет етіп жатқан әскери бөлімді тауып, оның тәртібімен, орналасқан жерімен, сондай-ақ командирлер мен офицер-тәрбиешілердің байланыс нөмірлерімен таныса алады. Бүгінге дейін бұл сервисті 450 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана