Арнайы топ барлық деректі тексеріп жатыр — Үкіметтік комиссия өкілі

25.09.2026 13:11

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр

Almaty.tv

Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов мәлімдеме жасады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Бүгін сағат 09:15–те үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде қалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, оқиға болған аумақтағы іздестіру жұмыстары толық аяқталды.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туысы мен жақындарына, сондай-ақ қаруластарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр", — деді Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның барлық мән-жайын және себеп-салдары байланыстарын анықталып жатыр.

Тергеу барысында болған оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу және сот нәтижесінде кінәсі анықталған тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады", — деді ол.



 

Толық көрсету