Асқарбек Ертаев: Әлеуметтік төлемді нақтылау - бюджетті үнемдеу емес

16.10.2026 18:28
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Әлеуметтік төлем алушыларды санаттарға бөлу бюджет қаражатын үнемдеуді емес, мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмекті арттыруды көздейді. Бұл пікірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Министрдің айтуынша, жаңа әдістеме әлеуметтік қолдауды шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағыттауға және оларға қажетті көмекті толық көлемде, уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.

"Мұның бюджетке еш қатысы жоқ. Бұл — Әлеуметтік кодекс аясында мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмектің атаулылығын күшейтуге бағытталған жұмыс. Әрбір мұқтаж азаматқа мемлекеттік қолдау көрсетіп, дер кезінде толыққанды көмек беруді көздеп отырмыз. Бұл үшін бюджет қаражаты жеткілікті", — деді Асқарбек Ертаев.

Оның сөзінше, әлеуметтік төлем алушылардың әл-ауқатын бағалау халықаралық сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленген. Еңбек министрлігі 2023 жылға дейін БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеген.

"Қазір А санатында 77 мың адам, В санатында 475 мың адам барлығымен бірдей әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Жалпы 3,2 млн адам әлеуметтік төлем алса, солардың 550 мыңы А және В санаттарына жатқызылған. Қалған 2,7 млн-ға жуық адам С, D және E санаттарына кіреді. Алдағы уақытта осы санаттардағы азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту жолдарын қарастырамыз", — деді Асқарбек Ертаев.

Оқи отырыңыз: Әл-ауқат көрсеткіші: C, D және E санаттарына қандай отбасылар жатады

Толық көрсету