Askeri Ziyat: университеттер мен колледждерді біріктіретін платформасы іске қосылды

23.12.2025 20:14

Онда электронды кітапхана мен 20 бағыт бойынша онлайн-курстар бар

Цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Елдегі барлық сала кезең-кезеңімен электронды жүйеге көшіп жатыр. Соның ішінде әскерге шақыру мен жас кадрларды тарту ісі де заман талабына сай жаңаруда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы бағыттағы ең өзекті бастамалардың бірі SARBAZ+ цифрлық жобасы. Ол арқылы ата-аналар балаларының әскери қызметі туралы толық әрі ашық ақпарат ала алады. Ал жастар әскери бөлімдер жайлы мәліметтермен алдын ала танысып, өзіне ұнаған бөлімінде қызмет етуге онлайн өтінім береді. Жобаның тағы бір тиімді тұсы – сарбаздарға тағылатын фитнес-білезік. Бұл трекер арқылы командирлер мен әскери дәрігерлер жауынгердің физикалық жағдайын үздіксіз бақылап, денсаулығына дер кезінде көңіл бөле алады.

«Қорғаныс министрлігінің бастамасы мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде азаматтарға IT, телекоммуникация, ұшқышсыз ұшу апараттарын басқару сияқты сұранысқа ие азаматтық мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді. SARBAZ+ әскери қызметті кәсіби оқытумен қатар, цифрлық шешімдер, медициналық мониторинг жүйесін қамтиды», – деді ҚР ҚМ Ақпараттық жүйелер басқармасының бағыт аға офицері Нұрбол Өтенов.

Биыл 28 қазаннан бастап 17 жасқа толған азаматтарға әскерге өздігінен тіркелудің қажеті жоқ. Қорғаныс министрлігінің жаңа ережесіне сәйкес, олар автоматты түрде әскери есепке қойылады. Арнайы цифрлық жүйе азаматтардың жеке деректерін, білімі мен отбасылық жағдайын, денсаулығы мен соттылық тарихын электронды карточкаға енгізеді. Осылайша, әскери есепке алынғаны автоматты түрде белгіленіп, жергілікті әскери комиссариат анықталады. Жүйе азаматтарды тіркеу процесін едәуір жеңілдетеді.

«Енді мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың тізімін «Smart военкомат» жасанды интеллекті қалыптастырады. Сондай-ақ ол азаматтарға медициналық тексерістен өту қажеттігі туралы хабарламаларды автоматты түрде жібереді. Жүйе үміткерлерді жасына, антропометриялық деректеріне, денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, автокөлік жүргізу куәлігінің бар-жоғына, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату негіздерінің болуына қарай автоматты түрде іріктейді», – деді ҚР ҚМ Ақпараттық жүйелер басқармасының бағыт аға офицері Нұрбол Өтенов.

Әскери білім саласы да назардан тыс қалмады. Университеттер мен колледждерді біріктіретін «Askeri Ziyat» платформасы іске қосылды. Онда электронды кітапхана мен 20 бағыт бойынша онлайн-курстар бар. Қазір платформаға 1000-нан астам әскери қызметкер тіркеліп, 300-і сертификат алды. Мамандар цифрландыру жүйесі жас сарбаздарды автоматты тіркеуден бастап онлайн білім беруге дейінгі процесті жеңілдетіп, ұлттық армияны жаңа дәуірге бейімдеп жатыр дейді.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: SARBAZ+:Қарулы күштерінде мерзімді әскери қызметтің жаңа форматы енгізілді