Асханаға кіріп, соттан бір-ақ шыққан: Қызылорда облысында әйел адам жауапқа тартылды

31.07.2025 18:49

Сотталушы кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады

Аlmaty.tv

Қызылорда облысында асханада жанжал шығарып, өзгеге қол көтерген келіншек қылмыстық жауапқа тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Жалағаш аудандық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен айыпталған азаматша Г-нің қылмыстық ісі қаралды.

Іс құжаттарына сәйкес, сотталушы Г. Жалағаш кентінде орналасқан асханада отырып, ұялы телефонмен қатты дауыс көтеріп сөйлеген. Оған асхана иесі А. жай сөйлеуін сұрап, ескерту жасайды. Сол үшін келіншек ашуланып, асхана иесі сыртқа шыққан кезде ілесе шығып, тоқтатып, «Сен неге маған қадаласың?» деп кінәлайды. Онымен қоймай, күш қолданып, шашынан ұстап, жұлқып тартып, оң қолының жұдырығымен бет аймағынан ұрады.

Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындап, әрекетіне шын жүректен өкінетінін, кешірім сұрайтынын, енді қайталамайтынын, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен азаматша Г. кінәлі деп танылып, оған 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды”, - делінген сот хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Киіктер Қытайға қашан және қалай беріледі: министрлік түсіндірме берді