23 тамызда Құрылтай сайлауы күні Алматы облысының Қарасай ауданында азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған ерекше акция өтті. Кәсіби парапланшы Джунусов Искендер сайлау учаскесіне көктен қалықтап ұшып келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл ерекше қадам – ел болашағына деген биік мақсаттар мен азаматтық белсенділіктің жаңа символына айналды. Искендер көк аспанда «Құрылтай» деген жазуы бар жалауды желбіретіп, ұшып өтті.
"Менің кәсібім мен хоббиім әрқашан биіктікпен байланысты. Бүгінгі “Құрылтай” сайлауы да еліміздің жаңа биіктерді бағындыруына жол ашатын маңызды қадам деп есептеймін. Сайлау учаскесіне әуе жолымен келу арқылы мен әрбір қазақстандықтың таңдауы елдің болашақ бағытын анықтайтынын көрсеткім келді. Біздің болашағымыз – ашық аспан сияқты кең әрі жарық болуы тиіс", – деді Искендер.
Ерекше акция тұрғындардың қызығушылығын тудырып, Қарасай ауданындағы дауыс беру күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.
Оқи отырыңыз: Темірбек те өз таңдауын жасады: робот Алматыдағы сайлау учаскесіне келді