Астана тұрғындары жедел жәрдем бригадасының қозғалысын бақылай алады

20.05.2025 18:37

Бұл шешім шұғыл қызметтердің жұмысын ашық етуге, азаматтардың алаңдаушылығын азайтуға, сондай-ақ диспетчерлерге түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған

Астаналықтар жедел жәрдем бригадасының қозғалысын бақылай алады. Денсаулық сақтау министрлігі мен елорда әкімдігі жедел жәрдем қызметінің қай жерде тұрғанын және келетін уақытын көрсететін пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жүйе бойынша жеделдіктің бірінші санаты бойынша шақырту түскен жағдайда, өтініш берушіге автоматты түрде картаға сілтемесі бар SMS-хабарлама жіберілмек. Картаны браузер арқылы ашқан пайдаланушы жедел жәрдем көлігінің бағытын бақылай алады. Жауаптылардың айтуынша, бұл шешім шұғыл қызметтердің жұмысын ашық етуге, азаматтардың алаңдаушылығын азайтуға бағытталған.

 «Қызметіміздің ашықтығын арттырып, халықпен байланысты жақсарту жолындағы маңызды қадам деп біз санаймыз. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және жедел жәрдем қызметінің жұмысын жеңілдету. Шұғыл шақыртуларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті директоры орынбасарының м.а. Айдар Қасенов.

Астана қаласының жедел жәрдем деректері бойынша, диспетчерлер күн сайын кемі 6 мың қоңырауды қабылдайды. Ал олардың 40 пайызы бригадалардың келу уақыты туралы сұрақтармен қайта жүгінетіндер екен. Жаңа жүйе осындай қоңырау санын азайтуға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, жоба алғашқы кезеңде Астана қаласында қолжетімді болады. Ал оң нәтиже берсе, Қазақстан аумағындағы барлық шұғыл шақыртуға енгізілмек.

Оқи отырыңыз: Метрология – сенім құралы: Қазақстанның қауіпсіздігі мен экономикасындағы дәл өлшеулердің рөлі