Биыл 9 мектеп пайдалануға берілді
Елордада шамадан тыс толы мектептер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді, биыл 9 мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Өткен оқу жылында рекордтық мөлшерде мектеп салынды және пайдалануға берілді. Бұл – 66 мың оқушы орнына арналған 24 білім беру ұйымы. Осы 24 мектептің 16-сы Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа оқу жылының басынан бастап тағы 9 мектеп есігін ашты", - деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге, 2026 жылға 16 мың оқушы орнына есептелген тағы 12 мектептің құрылысы жоспарланған.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жаңа балабақшалар ашылуда, оның ішінде қарқынды дамып келе жатқан аудандар қамтылған.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қосымша білім беру нысандары да салынып жатыр. Мысалы, Қ. Мұхамедханов көшесінде орналасқан, 750 орынға арналған TANYM жаңа оқушылар сарайы ашылуға дайын. Сондай-ақ келесі жылы TANYM Art және TANYM Sport атты тағы екі оқушылар сарайы ашылады", - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан.
Оқи отырыңыз: Солақай балалар: Түркістан облысында ерекше сынып бар