«Айдар» есімді жасанды жады іс-шараға қатысып, бағдарламаның мазмұнын байыта түсті
Астанада 18 мың бала бір мезетте асық ойнады. Ауқымды іс-шара Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылып, дәстүрімізді дәріптеуге бағытталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Асық ойыны – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық мұрасының бірі. Бабалардан жеткен бұл құндылық бүгінде қайта жаңғырып, кеңінен дәріптеліп жатыр. Дәл қазір менің артымда осы дәстүрлі ойын қызу өтіп жатыр. Мұнда 3 мыңға жуық оқушы бір мезетте асық атып, ұлттық ойынның көркін қыздыруда.
Бастаманың ауқымы кең. Мына алаңнан бөлек, Астананың өзге де орындарында 15 мыңға жуық бала бір мезетте асық ойнады. Олардың ішінде мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері бар.
«Асық ойнау – қала баласы үшін өте таңсық нәрсе. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық ойындар, асық, атқа міну, теңге алу, ат жарыс, тай жарысы дегендердің бәрі ауылдық жерде өтеді. Бұл - алғашқы қадам», – деді Білім басқармасының маманы Мадина Сүлейменова.
Сондай-ақ білім басқармасындағылар асық ойынының дене шынықтыру сабағына кіргізілгенін де атап өтті. Олар балаларды ептілікке, шеберлікке, ұқыптылыққа баулымақ.
«Асық ату ұнайды. Барлық қазаққа ұнайды деп ойлаймын. Ол дәлдікке, шапшаңдыққа, мергендікке үйретеді. Біздің мектепте сайыс ұйымдастырылады, дене шынықтыру сабағында бес тасты ойнаймын», – деді мектеп оқушысы Нұржан Мұхамадиев.
«Ойын топтық жұмысты үйретті. Біз басқа командалармен шығуымыз мүмкін. Сол үшін топтық жұмыс керек», – деді мектеп оқушысы Ақбар Ерасыл.
Айта кетейік, ұлттық болмысымызды насихаттаған жобаға елордадағы барлық 119 мектептің оқушылары атсалысты.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды