Көпшілік екі мекенжайдағы баспаналарға қоныстандырылмақ
Астанада апатты баспанадан жаңа үйлерге көшірілетін жұрт пәтерлердің сапасына қатысты шағым айтты. Олардың айтуынша, өздері тұрып жатқан үйдің сүрілуін ұзақ күтіп, енді жаңа баспанаға қоныс аударамыз дегенде қуаныштары су сепкендей басылған. Бөлмелері тар, қабырғалары жарылған пәтерлерге кіруден бас тартқан көпшілік жауаптылардан кем-кетікті жоюды талап етіп отыр. Олар тұрғын үй департаментіне барып, шағымын жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ыбырай Алтынсарин көшесінде орналасқан төрт қабатты үйдің тұрғындары баспананың сүрілуін 15 жылдан бері күтіп келген. Апатты деп танылып, ақыры жөндеуден өткен басқа пәтерлерге көшетін жұрттың қуанышы көпке созылмады. Олар жаңа үйлерін көріп, атқарылған шаруаның сапасына қатысты шағым айтып отыр.
Көпшілік екі мекенжайдағы баспаналарға қоныстандырылмақ. Бір бөлігі Көктал тұрғын алабындағы үйге, ал қалғаны жаңа теміржол вокзалы маңындағы пәтерлерге көшіріледі екен. Алайда жұрт жаңа баспаналардың бұрынғы үйлеріне қарағанда, қаладан алыс орналасқанын айтып отыр. Бұған қоса, пәтерлердегі бөлмелер кішкентай дейді. Тіпті жатын бөлмеге екі орындық төсек те сыймайды екен.
«Кеше үйіміз шынымен сүрілетін болды, мемлекет бізге пәтерлер сатып алған деген хабарлама келді. Таңертең көруге бардық. Кілттерін алдық. Бірақ көргеніміз көңілден шықпады. Менің бұрынғы пәтерім үш бөлмелі еді, әркімнің өз бөлмесі болды. Ал мұнда 3 бөлме деген аты ғана, әрқайсы шамамен 9 шаршы метрдей ғана. Ас үйі тіпті 5 шаршы метрдің шамасында. Қонақ күтетін бөлменің де пішіні түсініксіз, бұрыштары толық емес, жобалаушысы кім болғанын білмеймін. Үйді осылай қабылдап алғандарына таңмын», - деді қала тұрғыны Светлана Рейтарова.
«Қабырғалары жарылып кеткен, пәтердің ауданы да нормаларға сәйкес келмейді. Маған 44 шаршы метрлік пәтер беріп отыр. Ал менің Алтынсарин көшесіндегі пәтерім екі бөлмелі. Біз күйеуім, екі кішкентай баламызбен бірге тұрамыз. Ұсынылған жаңа пәтер өте кішкентай», - деді қала тұрғыны Алла Бессарабова.
Жауапты мамандардың сөзінше, реновация бағдарламасының шарты бойынша “шаршыға-шаршы” қағидасы қолданылады. Яғни, бөлме саны азайған күннің өзінде баспананың жалпы ауданы кішіреймейді. Сондай-ақ ең аз дегенде бір бөлмелі пәтер беріледі екен.
«Қазіргі жаңа құрылыс нормаларына сәйкес, бір бөлмелі пәтерлердің ауданы 33-тен 50 шаршы метрге дейін болады. Кейде тұрғынның үш бөлмелі пәтері болса да, оған екі бөлмелі пәтер беріледі, бірақ ауданы кемімейді. Мысалы, үш бөлмелі 45 шаршы метрлік пәтері бар дейік, оның орнына 46–47 шаршы метр шамасында екі бөлмелі пәтер алады. Яғни, мемлекет тұрғындарға жағдай жасап, апатты үйдің орнына жаңа баспана береді. Олар өздерінің шаршы метрлерін толық сақтап қалады», - деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Светлана Пивоварова.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, тұрғындар жаңа пәтерге қатысты шағымын мемлекеттік органдарға өтініш беру арқылы жеткізе алады. Жауаптылар бұл өтініш жан-жақты қаралып, тіпті болмаса сот тәртібімен шешім табады дейді.
Мәди Бижан, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қабырғасы жарылған, іргетасы шөккен: Приозерскіде 8 үй апатты жағдайда тұр