Астанада бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 11 жастағы қыз көз жұмды

08.12.2025 19:49

 Жеткіншек түтіннен уланып қалған

Almaty.tv

Астанада бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 11 жастағы қыз көз жұмды. Жеткіншек түтіннен уланып қалған. Ол әжесімен және бауырларымен бірге отқа оранған үйден өздігінен шығуға тырысқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасына жазлыған видеода  сағат 03:26-да даланы бетке алған жеткіншекті байқауға болады. Ол бірер сәт есік маңында аялдап тұрып, сыртқа шығады. Арада 1 минуттай уақыт өткенде бала ішке қайта кіріп, бұған дейін өзі тұрған жерде лаулай бастаған отқа қарап тұрып, жоғарғы қабатқа жүгіре жөнеледі. Одан кейін айнала көк түтінге орана бастайды. Өрт сөндіру қызметінің дерегінше, қызыл жалын балалар арбалары тұрған 6 шаршы метр аумақта болған. Біз тілсіз жаудың құрсауында қалып, аман қалған тұрғындармен тілдесіп, сол күнгі мән-жайды сұрадық.

«Не болғанын түсінбей де қалдым. Басында кішкентай ғана өрт деп ойладым. Балконнан құтқарушылардың балаларды, әйел адамды алып шығып жерге жатқызып жатқанын көргенде қызыл жалынның ауқымды екенін түсіндім. Мен өз бетімше сыртқа шыға алмадым. Өрт басталғанда маған көршім хабарласып, есікті ашпа, балконға шық деді. Құтқарушылар келгенше сол жерде тұрдым», – деді қала тұрғыны Галина Соболевская.  

Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күресіп, 40 шақты тұрғынды эвакуациялаған. Жедел жәрдем уақыт оздырмай бір ересек адам мен 5 баланы ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсеткенімен, 11 жастағы қызды құтқарып қала алмапты. Бүгін марқұмды жер қойына тапсырған. Көршілерінің айтуынша, қайтыс болған қыз көпбалалы отбасынан шыққан. Қайғылы оқиға күні ата-анасы жұмыста болған. Балаларға үйде бас-көз болып апасы отырған.

«Жас жұбайлар. 4-5 баласы бар. Әжесімен тұрады. Сол күні біз үйде болған жоқпыз, не болғанын білмеймін», – деді қала тұрғыны Талғат Жапаров.

 «Өкінішке қарай, 11 жастағы қыз қайтыс болды. Бүгін оны жерледі. Білуімше, 4 бала мен әжесі ауруханада жатыр. Көрші апа балалармен бірге пәтерден шығып кетіп, түтінге тұншығып, баспалдақ алаңында құлаған. Құтқарушылар оларды сол жерден тапқан», – деді қала тұрғыны Галина Соболевская.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үш баланың жағдайы жақсарған. Олар реанимациядан палатаға шығарылған. Дәрігерлердің жіті бақылауында.

«Бір баланың жағдайы ауыр. Ересек пациенттің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Зардап шеккендердің бәріне қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді  Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Ақбаян Арапшаева.

Кіреберістен басталған өрттің түтіні бесінші қабатқа дейін жеткен. Бірінші қабатта тұрған балалар арбасы, бейнебақылау камерасы, электр щиті түгел өртеніп кеткен. Қазір кей тұрғын құтқарушылар бұзған есіктерін жөндеп, маңайды ретке келтіре бастаған. Полиция бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысының тұрғындары тобықтан лай кешіп жүр