Қазіргі уақытта қызға психологтар көмегі көрсетіліп жатыр
Астанада полицейлер қала тұрғынын құтқарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Таңғы уақытта "102" нөміріне елорданың бір тұрғын үй кешенінде қыздың биіктен секірмек болғаны туралы қоңырау түсті. Қауіптің жоғары деңгейін ескерген патрульдік полиция полкі қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, жағдайды толық бақылауға алып, азаматшаның өмірін сақтап қалу үшін жедел шаралар қолданды.
Алғашқы болып оқиға орнына полиция инспекторлары Жалғасбек Әбдуалиев пен Абзал Молдашев келді.
«Пәтердің есігін ашқан сәтте олар терезенің бесінші қабаттағы карнизіне шығып, сыртқа қатты еңкейіп тұрған 27 жастағы қызды көрді. Тағы бір сәт кешіксе, ол төмен құлап кетуі мүмкін еді», - делінген хабарламада.
Жағдайдың маңызын дұрыс бағалаған Жалғасбек Әбдуалиев қызбен дереу психологиялық байланыс орнатты.
Ол сабырлы дауыспен сөйлесіп, оның назарын теріс ойлардан басқа жаққа аударуға және эмоционалдық күйзелісті төмендетуге тырысты. Сәті түскен кезде тәртіп сақшысы қызды қауіпсіз жерге қарай тез әрі абайлап тартып алып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Қазіргі уақытта қызға психологтар көмегі көрсетіліп жатыр, болған оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Оқи отырыңыз: Алматыда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, бір адам қаза тапты