Басқосу барысында саяси ұйым төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды
Астанада жаңа «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтіп, саяси ұйымның ресми қызметі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Келелі кездесуге елдің барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысты. Олар партияның алдағы бағыты мен мақсат-міндеттерін талқылады. Сондай-ақ, съез барысында саяси ұйым төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды,
Еліміздің саяси кеңістігінде жаңа «Әділет» атты партия құрылды. Алғашқы құрылтай съезінде олардың ресми атауы бекітіліп, жарғысы мен бағдарламасы қабылданды. Басқосу барысында саяси ұйым төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Жиында сөз сөйлеген ол партия қызметінің заң үстемдігі мен тәртіп қағидатына негізделетінін мәлімдеді.¤
«2026 жылғы 15 наурызда Президентіміздің бастамасымен бүкілхалықтық референдумда азаматтарымыз басым көпшілікпен Конституцияны қабылдады. Жаңа Конституция біздің тарихи мүмкіндігіміз, оның қағидалары болашағымыздың бағдары, сол бағдарды нақты әрі халқымызға пайдалы мазмұнмен толтыру - сіз бен біздің міндетіміз», – деді «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.
Құрылтай барысында саяси ұйым бағдарламасының негізгі бес тұғыры айқындалды. Олар – әділеттілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік және даму қағидаттары. Сонымен қатар саяси кеңес құрамына 30 адам еніп, 18 бөлімнен тұратын жарғы қабылданды. Құжат партияның ішкі жұмыс тәртібі мен қызмет бағытын реттейтін негізгі ереже ретінде бекітілді.
«Соңғы еліміздегі, қоғамдағы үлкен өзгерістердің бірі – Конституцияның қабылдануы. Бұл Конституцияның өзегі адамға бағытталған. Қазақстанда әділетті қоғамды қалыптастыру. Оны дамыту мақсатындағы ойлар «Әділет» партиясымен үндесіп тұр. Бұл тұрғыда идея маған өте жақын. Заң аясында барлық әрекеттеріміз болуы керек. Сонда ғана Әділетті қоғам қалыптасады», – деді делегат Айдарбек Айтпукешев.
«Білім саласында қызмет атқарамын. Бұл партия қоғамға жаңашылдық әкелді деп сенемін. Әрине, білім саласында еңбек еткен соң балаларымызды әділеттікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жаңа партияны қолдауға кеп отырмыз», – деді делегат Мәнсия Осипова
Еске сала кетейік, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру туралы мәлімдеме жасаған. Кейін Әділет министрлігі тиісті хабарламаны қабылдап, саяси ұйым ресми қызметін бастады. Осы аралықта партияға 9 мыңнан астам адам тіркеліп үлгерген.
Мәди Мәлік. Алмат Илясов
Оқи отырыңыз: Парламент орнына Құрылтай: Қазақстанда конституциялық заң жобасы мақұлданды