Астанада интернет алаяқтық жасады деген күдікпен 31 жастағы әйел ұсталды

01.04.2026 18:39

Келіншек кемінде 23 адамды алдап кеткен

Астанада интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен 31 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тергеу мәліметінше, ол танымал ғаламтор платформаларында тұрмыстық жиһаздарды арзан бағамен сататыны туралы жалған хабарландырулар жариялаған.

Бұған қызыққан азаматтар “сатушымен” байланысып, оның нұсқаулығымен көрсетілген шоттарға алдын ала төлем жасаған. Алайда қаражат қолына түсе сала, әйел адам байланысқа шықпай, жарияланған хабарландыруларды өшіріп отырған.

Полиция мәліметінше, ол осындай схема арқылы кемінде 23 адамды алдап кеткен.

«Күдікті басқа өңір аумағында ұсталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция азаматтарды сақ болуға және интернет арқылы сауда жасағанда бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармауға шақырады», – деді Астана қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы Аружан Бектасова.

Оқи отырыңыз: Түркістанда әкесін өлімші етіп ұрып-соққан ер адамның жазасы ауырлады