Комиссия жобалық құжаттар мен құрылыс материалдарын мұқият тексеріп жатыр
Астанада тұрғын үй қасбетінің құлауына байланысты кешенді сараптама тағайындалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, тергеу Қылмыстық кодекстің 306-бабы, яғни ауыр дене жарақаттарына әкеп соққан сапасыз қызмет көрсету бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Қазір министрлік пен қала әкімдігі бірігіп, арнайы комиссия құрды. Комиссия жобалық құжаттар мен құрылыс материалдарын мұқият тексеріп жатыр.
Санжар Әділовтің айтуынша, күдіктілер анықталған жоқ. Ал ол «құрылыс компаниясының жауапкершілігі сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады» деді.
«Әкімдікпен бірлесіп комиссия құрылды, сот-медициналық және құрылыс сараптамалары тағайындалды. Тергеу аяқталған соң, құрылыс компаниясының ісіне заңдық баға беріледі. Себебі бұл компания бұған дейін де бірнеше рет осы үйге сапасыз қаптама жұмыстарын жүргізген, салдарынан тұрғындар ауыр жарақат алды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оқи отырыңыз: Шуда 50 келіден астам марихуана тасымалдаған екі күдікті ұсталды