Оқыс оқиға кезінде зардап шеккен екі фельдшердің де жағдайы белгілі болды
Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлап, 5 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға Тәуелсіздік даңғылы бойындағы 9 қабатты тұрғын үйде болған. Опырылған сыртқы жабынның аумағы шамамен 150 шаршы метр. Салдарынан бірінші қабаттағы дүкен кіреберісі де зақымданған. Кірпіштердің салмағын ескерсек, осыдан-ақ жағдайдың қаншалықты қауіпті болғанын аңғаруға болады. Қираған бөліктер алдымен қабырғаға орнатылған кондиционерлерге соғылып, олар да төмен сырғып түскен. Осы сәтте оқиға орнына көмекке келген дәрігердің басына дәл сол кондиционер құлап, жарақан алған. Жалпы апат салдарынан 5 адам зардап шекті. Екі адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиғаға куә болған тұрғын сол күнгі жағдайды айтып берді. Оның сөзінше, зардап шеккендердің үшеуі жақын туыстары. Олардың бірі жұбайы, ал қалған екеуі жұбайының әпкесі мен қарындасы. Жәбірленушілер оқыс жағдай орын алмас бұрын төменгі қабаттағы дүкенге бара жатқан. Ал жұбайы қатты дауыс естілгенде, көмек көрсетуге ұмтылған. Алайда сол сәтте өзі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
«Дүкенге жүгіріп кірсек іші шаң-шаң. Күйеуімнің апасы жылап отыр. Әр жағында қарындасы Айнұр тастың астында жатыр. Күйеуім бірден ішке кіріп кетті, кіреберісте қарындасы жатыр ғой», – деді қала тұрғыны Айгүл Қалиева.
Оқыс оқиға кезінде зардап шеккен екі фельдшердің де жағдайы белгілі болды. Бірі өте ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның басынан ауыр жарақат алғанын анықтап, шұғыл түрде трепанация жасап, қан кетуді тоқтатқан. Екінші фельдшер орташа ауыр жарақатпен нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Зардап шеккен фельдшердің күйеуінің айтуынша, жұбайы үйінді астында қалған адамдарға көмектеспек болған сәтте жарақат алған. Ол ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.
«Бір науқас ауыр күйде бірден қабылдау бөлімінен операциялық блокқа көтерілді, оның жағдайы өте ауыр. Қалған 2 науқас реанимацияға және 2 науқас орташа жағдайда бөлімшеге жатқызылды. Реанимацияға жатқызылған 2 науқастың біреуін жағдайының тұрақтылығына байланысты бөлімшеге ауыстырылды. 2 науқас жансақтау бөлімінде жатыр», – деді №1 Көпбейінді қалалық аурухананың бөлім директорының орынбасары Бауыржан Ешмұратов.
Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 278-бабы «Сапасыз салынған құрылыс» бойынша жүргізіліп жатыр. Қазір мән-жай анықталып, кінәлілерді жауапқа тарту мәселесі қаралуда.
Оқи отырыңыз: Бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылады: Ақтауда жалған ақпарат тарап, мектептер бос қалған